Жиі қойылатын сұрақтар
«2025 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының жалпыұлттық басымдықтары туралы» Жарлыққа Мемлекет басшысы 2021 жылғы 26 ақпанда қол қойды.
Жалпыұлттық басымдықтарға ерекше рөл берілген. Олар әртүрлі ауқымдарда, уақыт кезеңдерінде және салаларға қарамастан Қазақстан–2050 стратегиясы мақсаттарын іске асыруға арналған бірыңғай басымдықтар платформасы болуы тиіс.
Жалпыұлттық басымдықтар 3 негізгі бағыттан тұрады:
- Азаматтардың әл-ауқаты;
- Институттардың сапасы;
- Қуатты экономика.
Әрбір бағыт 3–4 жалпыұлттық басымдықты қамтиды. Өз кезегінде әрбір басымдық оған қол жеткізу деңгейін көрсететін 1–3 өлшенетін индикатормен сүйемелденеді.
Агенттік бағдарламалық құжаттардың жаңа икемді архитектурасын әзірледі. Бұл архитектура үш деңгей арасындағы нақты өзара байланысты қамтамасыз етеді және құжаттардың иерархиясына, әкімшілік немесе салалық шекараларға тәуелсіз жоспарлау жүргізуге мүмкіндік береді.
Жаңа Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде «Қазақстан–2050» даму стратегиясы мен Жалпыұлттық басымдықтардан бөлек, үш деңгейдегі құжаттар көзделген.
Бірінші деңгейдегі құжаттар – Ұлттық даму жоспары, Аумақтық даму жоспары және Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы. Олар макро және мезодеңгейлерде жоспарлауды қамтамасыз етеді. Аумақтық даму жоспары еліміздің өңірлерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Екінші деңгейдегі құжаттар – ұлттық жобалар және саланы/саланы дамыту тұжырымдамалары. Олар өңіраралық мәселелермен қатар, түрлі салалар мен секторлар арасындағы саясатты айқындайды.
Үшінші деңгейдегі құжаттар іске асыру сипатындағы құжаттар болып табылады. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік ұйымдардың даму жоспарлары, сондай-ақ өңірлерді дамыту жоспарлары жоғары тұрған құжаттарда қойылған міндеттерді іске асыру тетіктерін қамтиды.
Аталған иерархияға тек Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы ғана кірмейді.
Жаңа Мемлекеттік жоспарлау жүйесі реформаларды әртүрлі деңгейлерде қарастыра отырып, салалық дамуды да назардан тыс қалдырмайтын «Бір ел – бір стратегия» қағидатын іске асырады.
Мемлекеттік жоспарлаудың маңызы бірнеше есе артты, өйткені пандемия бұрыннан бар сын-қатерлерді ушықтырып, жаңа қауіптерді туындатты. Мұндай жағдайларда бірде-бір мемлекеттік орган жеке өзі жұмыс істей алмайды және жұмыс істемеуі тиіс. Қиындықтар тек экономика немесе денсаулық сақтау салаларымен ғана шектелмейді – мәселе кешенді сипатқа ие, сондықтан оны үйлесімді әрі үйлестірілген түрде шешу қажет.
Бұл ретте Агенттіктің рөлі үйлестіруші функцияны атқаруға бағытталады, ал жаңа Мемлекеттік жоспарлау жүйесі өзара байланыстырушы тетік, икемді архитектура ретінде қызмет етуі тиіс. Оның аясында түрлі құжаттар мен бағдарламалар бір-бірін толықтырып, үйлесімді түрде қатар жүзеге асырылады.
Жаңа Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне кіретін құжаттардың басты мақсаты – «Қазақстан–2050» стратегиясы шеңберінде қойылған ұзақ мерзімді міндеттерді орындау.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жоғары реформалар кеңесі Мемлекет басшысының 2020 жылғы 14 қыркүйектегі арнайы Жарлығымен құрылды.
Кеңестің негізгі мақсаты – Агенттік пен басқа да мемлекеттік органдар бастамашылық ететін реформалар бойынша аса маңызды ұсыныстарды қарау және бекіту.
Жоғары реформалар кеңесін ел Президенті басқарады. Кеңес құрамына сондай-ақ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшылығы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшылары, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы кіреді.
Кеңес жанында алты консультативтік жұмыс тобы жұмыс істейді:макроэкономика мәселелері бойынша; экономиканы әртараптандыру бойынша; бизнесті реттеу мәселелері бойынша; әлеуметтік саясат бойынша; сот және құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша; кәсіби Үкіметті қалыптастыру жөніндегі реформалар бойынша.
Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Жоғары реформалар кеңесінің жұмыс органы болып табылады.
Агенттіктің негізгі міндеттері стратегиялық жоспарлау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және жаңғыртуға қатысу, сондай-ақ елдің бәсекеге қабілеттілігін және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформаларды жүзеге асыру тәсілдерін әзірлеу болып табылады.
2020 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы жариялады.
Агенттік 2020 жылғы 8 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес құрылды.
Агенттік стратегиялық жоспарлау, мемлекеттік статистикалық қызмет, реформаларды жүргізу және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау салаларында басшылықты жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган болып табылады.