
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес
(2010.19.03. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
20-бап.
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі - жергілікті атқарушы органдар) қоршаған ортаны қорғау саласында:
1) мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардың қорытындылары негізінде өз құзыреті шегінде кәсіпорындарды, құрылыстар мен өзге де объектілерді салуға немесе реконструкциялауға тыйым салады немесе рұқсат береді;
2) өз құзыреті шегінде шаруашылық қызмет объектілерінің мемлекеттік экологиялық сараптамасын ұйымдастырады және жүргізеді;
3-1) өз құзыреті шегінде қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар береді;
4) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезінде қоғамдық тыңдау ұйымдастырады;
5) қоғамдық экологиялық сараптама жүргізудің тіркелуін жүзеге асырады;
Мемлекеттік экологиялық сараптама oбъектілерi:
47-бап. 1. Міндетті мемлекеттік экологиялық сараптамаға мыналар жатады:
1) жоспарланып отырған шаруашылық және өзге де қызмет жобалары және оларға ілеспе, осы Кодекстің 37-бабында айқындалған кезеңдерге сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдары;
2) табиғат пайдалану мәселелеріне қатысты жоспарлау алдындағы және жобалау алдындағы құжаттаманың барлық түрлері, болжамдардың, экологиялық және өзге де бағдарламалардың жобалары, мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметі негізгі бағыттарының тұжырымдамалары, мемлекеттік инвестициялық бағдарламалар, шарттар, келісімшарттар, оның ішінде меншік және жекешелендіру нысандарын өзгертуге қатыстылары;
3) қолданыстағы oбъектілер үшін қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдарымен қоса реконструкциялау жобалары;
4) қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінің жобалары;
5) іске асырылуы қоршаған ортаға теріс әсерлерге әкеп соғуы мүмкін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жобалары, нормативтік-техникалық және нұсқаулық-әдістемелік құжаттардың жобалары;
6) кәсіпорындарды, объектілер мен кешендерді, ғимараттар мен құрылыстарды орналастыруға, салуға, реконструкциялауға, дамытуға, техникалық қайта жарақтауға, қайта бейімдеуге, жоюға арналған техникалық-экономикалық негіздемелер (есептер) және жобалар, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі ресурстарын өндіру мен пайдалануға арналған биологиялық негіздемелер;
7) аумақтарды ұйымдастыру схемаларының жобалары;
8) қалалар мен аумақтарды, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтар аумақтарын және шаруашылық қызметті жүргізудің айрықша режиміндегі аумақтарды салудың (дамытудың) бас жоспарларының жобалары;
9) осы аумақтарға ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, экологиялық зілзала аймағы немесе төтенше экологиялық жағдай аймағы құқықтық мәртебесін беруді негіздейтін, аумақтар учаскелерін кешенді экологиялық зерттеу материалдары, сондай-ақ осы аумақтарды оңалту бағдарламалары;
10) көршілес мемлекеттердің қоршаған ортасына әсер етуі мүмкін немесе оны жүзеге асыру үшін көршілес мемлекеттермен ортақ табиғи ресурстарды пайдалану қажет болатын немесе көршілес мемлекеттердің халықаралық шарттарда белгіленген мүдделерін қозғайтын шаруашылық және өзге де қызмет жобалары;
11) технологияларды, техника мен жабдықты, оның ішінде Қазақстан Республикасына өткізілетіндерін (әкелінетіндерін) қолдану жөніндегі құжаттама;
12) табиғи ресурстарды пайдалануға және (немесе) алуға рұқсаттар (лицензиялар) беруді негіздейтін құжаттама.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері мынадай жағдайларда:
1) экологиялық сараптама объектісі бұрын жүргізілген мемлекеттік экологиялық сараптама ескертпелері бойынша жетілдірілген;
2) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жобалау және өзге де құжаттамаға өзгерістер енгізілген жағдайда;
3) сот шешімінің негізінде, қайтадан мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтеді.
3. Мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері осы Кодекстің 40-бабында келтірілген объектілердің сыныпталуына сәйкес І, ІІ, III, IV санаттарға бөлінеді.
І санатқа орталық мемлекеттік органдар әзірлейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары да, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 6-9) және 11) тармақшаларында аталған объектілер жатқызылады.
II санатқа жергілікті мемлекеттік басқару органдарының нормативтік құқықтық актілерінің жобалары, өңірлік жоспарлар мен бағдарламалардың жобалары, облыстық және аудандық маңызы бар аумақтарда құрылыс салудың бас жоспарларының жобалары да жатады.