Мәслихат отырысында өзекті мәселелер талқыланды

Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өміріне қатысты өзекті мәселелер қаралды. Жиынға мәслихат төрағасы Қ. Байғоджаев төрағалық етті. Аталған сессия отырысына облыс әкімі Ш.Әрінов, мәслихат депутаттары, департамент, басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері және аудан-қала әкімдері қатысты.
Сессия барысында жастар саясаты, қоғамдық қауіпсіздік, жол инфрақұрылымы, бюджет, су шаруашылығы, жер қатынастары және жануарларды ұстау мәселелері талқыланды.
Жастар саясаты бағытында жастарды жұмыспен қамту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, кәсіптік бағдар беру және жастар орталықтарының жұмысын дамыту мәселелеріне басымдық берілді. NEET санатындағы жастар санын азайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі атап өтілді.
Қоғамдық қауіпсіздік мәселесі бойынша діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, әсіресе интернеттегі деструктивті ақпараттың таралуына жол бермеу бағытындағы профилактикалық жұмыстар талқыланды.
Жол инфрақұрылымы бойынша өңірдегі автомобиль жолдарын жөндеу, күтіп-ұстау және қауіпсіздікті арттыру жұмыстары қаралды. Негізгі мақсат – жолдардың сапасын жақсартып, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз ету.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану және жер учаскелерінің шекті мөлшерін белгілеу мәселесі қаралды.
Сессияда үй жануарларын ұстау және серуендету талаптарын жетілдіру, қараусыз қалған жануарларды аулау мен уақытша ұстау тәртібін нақтылау мәселелері де талқыланды. Бұл өзгерістер тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жануарларды бақылау жүйесін реттеуге бағытталған.
Сессия қорытындысында облыс әкімі қабылданған шешімдердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.