Алматы облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясында жол-көлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды

Алматы облыстық мәслихатының «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс және архитектура, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша» тұрақты комиссия отырысы комиссия төрағасы Д. Жарасбаевтың төрағалығымен өтті.
Отырыста облыстың жол-көлік және коммуналдық инфрақұрылымын дамыту, елді мекендерді абаттандыру және санитариялық тазалықты қамтамасыз ету, сондай-ақ қысқы кезеңге дайындық мәселелері қаралды.
Күн тәртібінде Алматы облысының қалалары мен елді мекендерін абаттандыру және санитариялық тазалау қағидаларына қатысты мәселелер, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін дамыту және күтіп-ұстау жұмыстарының барысы талқыланды. Сонымен қатар ауыр және ірі габаритті көлік құралдарына бақылау жүргізу, көлік саласындағы қауіпсіздік пен рұқсаттық талаптардың сақталуы, жолаушы көлігін дамыту және жолаушылар тасымалы саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қаралды.
Депутаттар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарының барысы туралы ақпарат тыңдады. Бұдан бөлек, Алматы агломерациясының даму жоспарының іске асырылуы, «Қонаев» және «Алатау» қалаларының кешенді даму жоспарлары және осы қалалардағы құрылыс пен инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды.
Жиын барысында облыстың жылу беру маусымына дайындығы, жылу, электр және сумен жабдықтау жүйелерінің жағдайы, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы инфрақұрылымдық жобалар талқыланды. Су жабдықтау, су бұру және кәріздік тазарту құрылыстарын жаңғырту мен салу жұмыстарына да ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар облыстағы автомобиль жолдарының қысқы кезеңге дайындығы, коммуналдық нысандардың жылу маусымына әзірлігі және инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.
Отырыстың қорытындысы бойынша депутаттар тиісті баяндамаларды тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша жұмыстарды уақтылы әрі сапалы орындау қажеттігін атап өтті. Негізгі назар жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға, елді мекендердің абаттандырылуына, коммуналдық жүйелердің жаңғыртылуына және халық үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталды.