«Ел үздіктері Астанада: “Senat Open 2025” шахмат турнирінің шешуші кезеңі»

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Қазақстан шахмат федерациясының бірлескен ұйымдастыруымен өткен «Senat Open 2025» республикалық шахмат турнирінің финалы салтанатты түрде ашылды. Бұл – елімізде шахматты дамыту және зияткерлік спорт түрін кеңінен насихаттау мақсатында екінші рет өткізіліп отырған ірі жобалардың бірі. Бұл шараға Алматы облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаев қатысты.
Финалдық кезеңге еліміздің түкпір-түкпірінен 3 000-нан астам шахматшы өтініш білдіріп, іріктеу мен жартылай финалдық кезеңдер нәтижесінде 218 қатысушы жолдама алды. Жарысқа түрлі сала өкілдері – мемлекеттік қызметкерлер, журналистер, депутаттар, ардагерлер мен қоғам белсенділері қатысты.
Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шахматты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл турнир – мемлекет қолға алып отырған кешенді жоспардың бір бөлігі ретінде маңызды әлеуметтік және мәдени маңызға ие.
Турнир шеңберінде еліміздің барлық өңірлерінде 20-дан астам іріктеу турлары ұйымдастырылып, кейін Түркістан, Семей, Көкшетау, Орал және Талдықорған қалаларында аймақтық жартылай финалдар өтті. Финалға үздік нәтиже көрсеткен 215 ойыншы жиналды. Алматы облысынан 9 шахматшы қатысты.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов турнирдің ұлттық рухты, достықты және әділ бәсекелестікті дәріптейтінін, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілік пен зияткерлік дамуға серпін беретінін атап өтті.
Финалдың нәтижелері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапатталады. Бұл ақпарат алдағы күндері ресми түрде жарияланады деп күтілуде.
«Senat Open 2025» турнирі – шахматты бұқаралық деңгейде дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Турнир алдағы жылдары да дәстүрлі түрде жалғасын табатын болады.