Депутаттар Іле ауданындағы әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты

Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғоджаевтың басшылығымен облыстық мәслихат депутаттары Дәулет Жарасбаев, Нұрлан Түймелиев, Мұрат Увалиев, Нұрсұлтан Орынбасаров Іле ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан көлеміндегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызы бар бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Аталған жұмыс сапарына Іле ауданының әкімі Қ.Жақсымбетов, аудандық мәслихат төрағасы М.Карибаев және жауапты бөлім басшылары қатысты.
Сапардың негізгі мақсаты – аудан аумағындағы құрылыс нысандарының барысымен танысып, олардың сапасы мен құрылыс мерзімін бағалау, сондай-ақ өзекті мәселелерді анықтап, оларды шешу жолдарын қарастыру.
Іссапар барысында:
- Өтеген батыр ауылында салынып жатқан аудандық Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарымен;
🔹Өтеген батыр ауылындағы 72 пәтерлі үш тұрғын үйдің жағдайымен;
🔹Апатты жағдайда тұрған, бұрынғы Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының қазіргі жай-күйімен танысты.
Делегация Іле ауданының бірқатар елді мекендеріндегі әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарымен танысуды жалғастырды.
🔹 Делегация Н.Тілендиев және М.Түймебаев ауылдарында салынып жатқан 900 орындық «Жайлы мектеп» жобаларының құрылыс барысын көзбен көріп, жобалық-сметалық құжаттамалармен танысты. Сондай-ақ мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар бойынша пікір алмасты. Құрылыс сапасы мен мектептердің заманауи білім беру талаптарына сай болуы мәселесіне ерекше мән берілді.
🔹 Сондай-ақ делегация қазақ музыка өнерінің дара тұлғасы, композитор әрі дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай тұрғызылып жатқан мемориалдық стелла құрылысының барысымен танысты. Бұл ескерткіш - халқымыздың мәдени мұрасын дәріптеу мен тарихи тұлғаларға құрмет көрсету бағытындағы маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Делегация мүшелері стелланың сәулеттік шешімі мен орналасу орнына назар аударып, құрылыс сапасы мен эстетикалық талаптардың сақталуы қажеттігін атап өтті.
🔹Бұдан бөлек, делегация Көкқайнар ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылыс алаңына барды. Медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан жоба аясындағы құрылыс жұмыстарының кестеден кешігіп жатқаны анықталды.
Аталған нысандарды аралау барысында Қуат Байғоджаев және облыстық мәслихат депутаттары құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімдердің сақталуы қажеттігін атап өтіп, аудан басшылығы мен жауапты мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктеді.