1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Есік қаласында кең ауқымды мерекелік шара өтті

Жарияланған күні: 02 мамыр 2025

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында ауқымды мәдени-мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл күн — еліміздегі татулық пен бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің символына айналған айрықша мейрам. Аудан халқы бұл мерекені биыл ерекше көңіл-күймен, жаңаша форматта атап өтті.

Іс-шара Жамбыл Жабаевтың монументіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Бұл — ұлттар мен ұлыстардың рухани тұтастығына, ортақ тарих пен құндылықтарға деген тағзым мен құрметтің айғағы болды. Шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ағаш отырғызу рәсімі де өтті. Бұл игі бастама бейбітшілік пен келісімнің, тұрақтылық пен жасампаздықтың белгісіне айналды.

Мерекелік бағдарламаның аясында ауданымыздағы этномәдени бірлестіктер өздерінің ұлттық киімдері, салт-дәстүрі мен өнер туындыларын қамтыған мазмұнды көрме ұсынды. Әр этнос өз мәдениетінің ерекшеліктерін паш етіп, көрермендерге өздерінің бай тарихи мұрасын таныстырды. Сонымен қатар, ағымдағы 2025 жыл — “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында еңбек тақырыбына арналған көрме де көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме еңбек адамын ұлықтауға, олардың ел дамуына қосып отырған үлесін көрсетіп, жастарға үлгі болуға бағытталды.

Мерекелік концерттік бағдарламаның шымылдығын аудан әкімі Байеділов Талғат Ескендірұлы ашып, аудан тұрғындарын айтулы мейраммен құттықтады. Өз сөзінде ол еліміздің басты байлығы — халықтар арасындағы достық пен бірліктің маңыздылығына тоқталып, көпұлтты ауданымыздың дамуына әр этностың қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті.

Шара жоғары деңгейде, көтеріңкі рухта өтті. Әсем ән, ұлттық билер мен этностардың өнері көрермендерге ерекше әсер сыйлап, бейбіт елдің біртұтас болмысын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Есік қаласында өткен бұл мереке аудан жұртшылығының береке-бірлігін, өзара сыйластығын айқын көрсетіп, еліміздегі ұлтаралық татулықтың жарқын үлгісіне айналды.