Алматы облысы әкімі Еңбекшіқазақ ауданы тұрғындарымен кездесті
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Еңбекшіқазақ ауданына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Кездесу барысында облыс басшысы ауыл шаруашылығы саласына ерекше тоқталып, пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
> «Биыл облыс бойынша 335,7 мың гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталып, оның 72,7 мың гектары немесе 21,6%-ы қайтарылды. Ал Еңбекшіқазақ ауданында бұл көрсеткіш 50,6 мың гектарды құрап, оның 5,6 мың гектары немесе 11,1% мемлекет меншігіне қайтарылды», - деді Марат Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар, әкім «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында аудан тұрғындарына 277 несие беріліп, оның жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асқанын жеткізді.
Кездесу барысында ауданның туристік әлеуеті мен жол инфрақұрылымын дамыту мәселелері де сөз болды. Еңбекшіқазақ ауданы жоғары туристік әлеуетке ие, сондықтан келетін туристерді жақсы жағдайда қабылдауға әрекеттену керктігі айтылды.
Жол құрылысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданындағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 2 555 шақырымды құрайды. Биыл облыстық маңызы «Алматы - Көкпек» - «Саймасай – Ташкенсаз» және «Шелек-Сарыбұлақ-Ақтоған және Қаражота ауылына кіреберіс» жолдарына орташа жөндеу жұмыстары аяқталып қолданысқа берілді.
Кездесуде облыс әкімі жергілікті тұрғындарды жеке қабылдап, толғандырған өзекті мәселелерді тыңдап, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.