

2025 жыл Алматы туризмі үшін тұрақты өсім мен жүйелі даму кезеңі болды. Қала туристік инфрақұрылымды жоспарлы түрде дамытып, халықаралық туристік нарықтағы орнын нығайтты.
Туристік ағын
2025 жылда Алматыға 1 869 375 турист келді. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1 пайызға жоғары. Оның ішінде 563 мың адам – шетелдік туристер (+11%), ал 1,3 млн адам – ішкі туристер (+6,9%).
Инвестиция
2025 жылдың қорытындысы бойынша туризм саласына салынған негізгі капиталға инвестициялар көлемі 171,6 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 84,7 пайызға артты.
Халықаралық ілгерілету
2025 жылы Алматы 9 халықаралық туристік көрмеге қатысып, шетелдік серіктестермен 270 келісімге қол қойды. Аталған келісімдер шамамен 224 мың турист тартуға бағытталған. Сонымен қатар, Дубай, Шанхай, Гонконг, Пекин, Римини, Сингапур, Лондон және Доха қалаларында «Алматы туризмінің күндері» өткізілді.
Оқиғалық және мәдени туризм
«ALA CRAFT 2025» халықаралық қолөнер фестивалі 15 елден келген 100-ге жуық шеберді біріктірді. Алматы қаласының World Craft City мәртебесіне ие болуы оны этномәдени және оқиғалық туризм орталығы ретінде халықаралық деңгейде таныта түсті.
Тау инфрақұрылымын дамыту
Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру жалғасты.
2025 жылы ұзындығы 775 метр болатын Алма-Арасан радонды көзінде абаттандыру және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, Фурманов шыңының етегіндегі әткеншектер жаңартылды. Сонымен қатар жалпы ұзындығы шамамен 100 шақырымды құрайтын 10 тау туристік бағыты абаттандырылды. Күн панельдерімен жабдықталған 3 кемпинг аймағы құрылып, тау шыңдарына шығуды есептейтін 3 автоматтандырылған есептегіш орнатылды.
Жаңа туристік инфрақұрылым
Жыл басынан бері Алматы қаласында жеке инвестициялар есебінен 46 туристік нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында 18 қонақ үй, 1 глэмпинг, 1 капсулалық қонақ үй, 21 хостел және 3 демалыс базасы бар. Жалпы нөмірлік қор – 871 нөмір.
Қолжетімділік пен жайлылық
Туристерге арналған 110 нысан мен 10 бағытты қамтитын аудиогид әзірленді. Таулы аймақтарға арналған 27 500 дана ақпараттық полиграфиялық өнім шығарылып, қаланың негізгі туристік нысандарының 5 тактильді моделі дайындалды.
Іскерлік және оқиғалық туризм (MICE)
2025 жылы 5 700-ден астам қатысушыны қамтыған 23 халықаралық MICE-іс-шараға қолдау көрсетілді, олардың 30 пайызы – шетел азаматтары. Маңызды шаралардың бірі – UN Tourism ұйымының туризм саласындағы әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған алғашқы өңірлік конференциясы болды. Сонымен қатар, әлемнің әртүрлі елдерінен келген 900-ден астам әйелдің қатысуымен оқыту іс-шаралары өткізілді.
MasterCard деректеріне сәйкес, бір іскер туристің орташа тәуліктік шығыны 881 АҚШ долларын құрайды.
Әуе қатынасының дамуы
Қазіргі уақытта Алматы қаласынан әлемнің 60 қаласына тікелей халықаралық әуе рейстері орындалады. 2025 жылы 13 жаңа халықаралық әуе бағыты ашылды.
Маркетингтік жұмыс
2025 жылы Алматы қаласын халықаралық туристік нарықта ілгерілету жұмыстары цифрлық маркетинг құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асырылды. Жүргізілген ақпараттық науқандар 283 миллионнан астам көрсетілім жинап, негізгі мақсатты нарықтарда туристер ағынының артуына ықпал етті. Қолданылған маркетингтік тәсілдердің тиімділігі инвестиция қайтарымының жоғары деңгейімен расталды.
Халықаралық мойындау
2025 жылы Алматы қаласы 41 елден 251 қатысушыны біріктіретін Дүниежүзілік туризм альянсына (World Tourism Alliance) мүше болды. Сондай-ақ қала CNN ұсынған туристік бағыттар тізіміне енді. Британдық The Telegraph басылымы Алматыны «Орталық Азияның інжу-маржаны» деп атады. Америкалық Bloomberg Алматыны 2026 жылы саяхаттауға ұсынылатын үздік 25 бағыттың қатарына қосты, ал Booking.com Алматыны Орталық Азиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан 10 туристік бағыттың бірі ретінде бағалады.
Қала аумағында Netflix платформасына арналған жобалар мен Оңтүстік Кореяның туристік телебағдарламаларының түсірілімдері өтті. «Шымбұлақ» курорты үшінші жыл қатарынан ТМД елдеріндегі ең үздік тау шаңғысы курорты атанды. Сонымен қатар, Алматы туризм саласындағы инновациялық тәсілдері мен туристік көрмелердегі стендтерін ұйымдастыруы үшін халықаралық марапаттарға ие болды.
Туристік объектілерді (қонақ үйлер, ақпараттық орталықтар) орналастыру қала құрылысы нормаларына сәйкес жүзеге асырылады және Алматы қаласы әкімдігімен келісуді талап етеді
Идеяны немесе Жобаны Туризм басқармасына ресми хатпен немесе u.tourism@almaty.gov электрондық пошта арқылы жіберуге болады, сипаттамасы мен негіздемесін қоса беріледі.
Туристік тау маршруттарындағы проблемалар туралы хабарламаларды қаланың Туризм басқармасына, Іле-Алатау Ұлттық табиғи паркіне, Медеу өңірлік паркіне немесе "Open Almaty"мобильді қосымшасы арқылы жіберуге болады.