Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасына баспасөз релизі
«Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1095 «Мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесін бекіту туралы» қаулысына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын (бұдан әрі – Жоба) әзірледі.
Жоба Алматы қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Алматы қаласы салынып жатқан қалалық рельсті көлік дирекциясы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі – Кәсіпорын) қызметін құқықтық реттеу мақсатында әзірленді және көрсетілген қызмет түрлерінің тізбесіне 71121 ЭҚЖЖ қызмет түрін енгізу бөлігінде толықтыру енгізуді көздейді.
Жобаны қабылдау Мемлекет басшысының қоғамдық көлікті дамыту, метро желісін кеңейту, заманауи көлік шешімдерін енгізу және Алматы қаласының қалалық рельстік көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.
Аталған түзету Кәсіпорынға Алматы қаласы метрополитені объектілерін жобалау, салу, дамыту және пайдалануға беру бойынша тапсырыс беруші функцияларын орындауға құқық беруді көздейді.
Жобаны қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкелмейді.
Жоба қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Жоба мәтінімен www.legalacts.egov.kz ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында, сондай-ақ «Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің интернет-ресурсында танысуға болады.