2022 жылдың 23 маусымында облыстық, қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, тұрақты негізде жұмыс жасайтын төраға орынбасарлары мен хатшыларының қатысуымен «2022 жылғы 5 маусымда өткен Республикалық референдум қорытындысы» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Е.Т.Шангереев Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясына жіберілген ақпараттардың уақытылы және сапалы ұсынылуы туралы баяндады.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Н.М.Жүсіпов облыста Республикалық референдум бойынша атқарылған іс-шараларды қорытындылап, алда атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті.
2022 жылғы 13-15 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралды оқыту орталығымен бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстан Республикасындағы сайлау процесі: теория және тәжірибе» сайлау ұйымдастырушыларына арналған оқыту курсынан өткен Ақтөбе қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Т.Құрманалин, Алға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Қ.Нұрмағамбетова, Мәртөк аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары М.А.Тұрлығұлова және Хромтау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Н.М.Хасанов аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерін Қазақстандағы сайлау науқандарын дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық және құқықтық аспектілері, сайлау ұйымдастырушыларын оқыту жүйесі, сайлау науқандарын қаржыландыру, сайлау процесінің өзге қатысушыларымен: бұқаралық ақпарат құралдарымен, байқаушылармен, саяси партиялармен және т. б. өзара іс-қимылдың қағидаттары мен стандарттары туралы хабардар етті.
Семинар-кеңестің қорытындысы бойынша еліміздің саяси реформаларын жүзеге асыруда қосқан үлесі мен жалпыұлттық референдумды өткізуге белсене қатысқандары үшін аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалиннің және облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Жүсіповтің Алғыс хаттарымен марапатталды.




