
Бүгінгі таңда облыс көлемінде архив саласы маңызды әлеуметтік-мәдени маңызға ие мекемелердің бірі ретінде саналады. Өңірімізде жалпы саны 13 мемлекеттік архив жұмыс істейді, оның ішінде 1 облыстық және 12 аудандық архив мекемелері бар. Бұл архивтер халықтың тарихи-мәдени мұрасын сақтау, жүйелеу және қолжетімді ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Облыстық архивтің тарихы сонау 1923 жылдан бастау алады. Қазіргі таңда бұл салада 92 қызметкер еңбек етуде, олардың 55-і кәсіби архивист мамандар. Бұл көрсеткіш архив саласының тұрақты дамып, кәсіби деңгейінің артып келе жатқанын аңғартады.
Архивтерде сақталған құжаттар қоры айтарлықтай ауқымды. Бүгінгі күнге дейін облыстық архив қорында 3296 қор, 1 067 118 сақтау бірлігі жинақталған. Бұл – өңір тарихының түрлі кезеңдерінен сыр шертетін құнды құжаттардың мол қоры.
Мемлекеттік архивтер халыққа бірқатар маңызды қызметтер көрсетеді. Солардың қатарында «Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру» сынды мемлекеттік қызмет түрі ерекше орын алады. Бұл қызметке жыл сайын 12 756-дан астам азамат жүгінеді. Қызмет алушылар санының тұрақты артуы архив қызметіне деген сұраныстың жоғары екенін дәлелдейді.
Қазіргі цифрлық технологиялардың дамуына сай архив саласы да жаңғыру жолында. Қазіргі уақытта көрсетілетін қызметтердің 74 пайызы электронды үкімет порталы арқылы жүзеге асырылып отыр. Бұл – халыққа қолжетімділікті жеңілдетіп, уақыт үнемдеуге мүмкіндік беретін оң өзгерістердің бірі.
Сонымен қатар, 2017 жылдың қазан айынан бастап архивтерде «Электронды архив» ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл жүйе құжаттарды цифрландыру арқылы оларды ұзақ мерзімге сақтап, жылдам іздестіріп табуға мүмкіндік беруде. Мұндай жаңашыл қадамдар архив саласының заман талабына сай дамып келе жатқанын көрсетеді.