Қылмыстық іс бойынша жәбірленуші өтемақы алуға құқылы
10.01.2018 жылғы Қазақстан Республикасының «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Заңының (бұдан әрі-Заң) аясында 01.07.2020 жылдан бастап жәбірленушілерге өтемақы төлеу рәсімі басталды.
Заңның 6-бабына сәйкес, өтемақы алуға құқығы бар жәбірленушілердің тізімі көрсетілген.
Атап айтқанда, өтемақы сексуалдық зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстар бойынша жәбірленушілер болып табылатын кәмелетке толмағандарға, адам саудасымен және азаптаулармен байланысты қылмыстар бойынша жәбірленушілер деп танылған адамдарға, денсаулығына ауыр зиян келтірілген не адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ/ЖИТС) жұқтырған адамдарға, жәбірленуші қайтыс болған жағдайда, жәбірленушінің құқықтары берілген адамдарға тағайындалады.
Төлемдердің тізбесін сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары жүргізеді.
Сондай-ақ, Заңның 8-бабының 1,3-бөліктеріне сәйкес, адам жәбірленуші деп танылғаннан кейін ол қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органға өзіне өтемақы тағайындау туралы өтініш жасауға құқылы.
Өтініш берудің ескіру мерзімі адам жәбірленуші деп танылған күннен бастап үш жылды құрайды.
Өтемақы тағайындау осы Заңның 8-бабының 6-бөлігінде қаралған құжаттар негізінде жүргізіледі.
Бұл заң талаптары тұрғындар назарына түсіндірме ретінде жеткізіледі.
Ойыл ауданының прокуратурасы