I тарау. Жалпы ережелер
Ұсынымдар сақтандыру компаниялары мен нотариустардың (қаржы мониторингі субъектілері) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне (бұдан әрі – Тізбе) енгізілген ұйымдар мен тұлғалардың ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды тоқтату бойынша дереу шаралар қабылдауды дұрыс түсінуі мақсатында әзірленді. Осы шараларды қолдану Халықаралық терроризмді қаржыландыру арналарын жабу, сондай-ақ «террористердің» қаржылық операцияларды жасауда туыстық және өзге де байланыстарды пайдалану фактілерін анықтау бойынша Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін іске асыруға бағытталған (*БҰҰ ҚК 1373 қарары, ФАТФ ұсынымының 6-талабы). Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс – қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі-Заң) 12 бабына сәйкес сот заңсыз деп таныған ұйымдардың және террористік және экстремистік қылмыстар бойынша сотталған адамдардың тізбесін, сондай-ақ БҰҰ ҚК-нің санкциялық тізімдеріне енгізілген ұйымдар мен адамдардың тізімін жасайды және жүргізеді.
* БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарары 1373 (2001), «террористік актілер жасайтын немесе жасауға тырысатын немесе террористік актілерге қатысатын немесе олардың орындалуына ықпал ететін адамдардың қаражаты мен басқа да қаржылық активтерін немесе экономикалық ресурстарын дереу оқшаулау; тұлғалардың және олармен байланысты тұлғалар мен ұйымдардың тікелей немесе жанама иелігіндегі немесе бақылауындағы меншік көмегімен алынған немесе сатып алынған қаражатты қоса алғанда, осындай тұлғалардың және ұйымдардың атынан немесе нұсқауы бойынша әрекет ететін тұлғалардың және ұйымдардың, сондай-ақ тұлғалардың және ұйымдардың тікелей немесе жанама меншігінде немесе бақылауында болатын ұйымдардың».
Ұсынымдарда сақтандыру компаниялары мен нотариустарға КЖ/ТҚҚ саласындағы заңнаманың Тізбеге енгізілген ұйымдар мен тұлғалардың ақшамен және (немесе) өзге мүлкімен операцияларды тоқтату жөніндегі шұғыл шараларды қабылдау бөлігінде талаптарын қолдану жөнінде жинақталған ұсыныстар қамтылады.
II тарау. Мұздату жөніндегі шараларды жүзеге асыру тәртібі ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операциялар
Тізбеде көрсетілген ұйымдар мен тұлғалардың ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операцияларды тоқтату бойынша шұғыл шараларды қолдану мақсатында Агенттік осы тұлғаны Тізбеге енгізу туралы мәліметтер келіп түскен күні тізім жасайды және Агенттіктің ресми интернет-ресурсында (Тізбенің «енгізілген» деген 2 бөлімі, Тізбенің мазмұны (тізімдер) деректерді көшіруге қол жеткізу мүмкіндігімен xls және pdf форматында ашық қолжетімді болады), осы шараларды қаржы мониторингінің барлық субъектілерінің (оның ішінде сақтандыру компаниялары мен нотариустар) жүзеге асыруы үшін КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 13 бабы 1 тармағының 1-1 тармақшасына сәйкес қаржы мониторингінің барлық субъектілері уәкілетті органның интернет-ресурсында террористік іс-әрекетке қатысы бар адамдардың тізімін, ұйымды немесе адамды Тізбеге енгізу туралы ақпаратты орналастырған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей, ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операцияларды, атап айтқанда, террористік іс-әрекетке қатысы бар адамдардың: сақтандыру компанияларына - сақтанушы брокерлік қызмет қызметтерін көрсету туралы шартты мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда сақтандыру төлемін жүзеге асыру, сақтандыру сыйлықақысын немесе оның бір бөлігін қайтару жөніндегі операцияларды жүргізуден бас тартуға міндетті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға, қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыруға, көлік құралдары иелерінің азаматтыққұқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға, тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға, туристі міндетті сақтандыруға байланысты операцияларды қоспағанда, яғни тізбедегі адамдар күнделікті өмірде қажетті сақтандыру түрлерін алуға құқылы;
нотариустарға - осындай ұйым немесе жеке тұлға жасайтын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен не олардың пайдасына, сол сияқты осындай жеке тұлға бенефициарлық меншік иесі болып табылатын клиент жасайтын не оның пайдасына операциялар жүргізуден бас тарту, яғни жылжымалы және жылжымайтын мүлікке байланысты барлық нотариаттық іс-әрекеттерді жүргізуден бас тарту. Ұйым немесе ақша қаражатымен немесе өзге мүлікпен сақтандыру төлемдерін не нотариаттық іс-әрекеттер жүргізуден бас тарту тізбесіндегі тұлға өтініш жасаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі № 938 «Қаржы мониторингі субъектілерінің қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты және күдікті операцияны айқындау белгілерін ұсыну қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес мұндай тұлғаға бөлінген байланыс арналарының (ДЭБ-СФМ және АЖО-СФМ) құралы бойынша жүгіну. Сақтандыру компаниялары мен нотариустар Заңның 5 бабы 3 тармағының 1) тармақшасына сәйкес клиенттермен іскерлік қатынастар орнатқан кезде осы клиенттердің тізбедегі тұлғалармен сәйкес келуі тұрғысынан оларды тиісінше тексеру жөнінде тереңдетілген шаралар қабылдауы қажет. Тексеруді оның жеке басын куәландыратын құжаттың ұсынылған деректері бойынша жүзеге асыру (яғни Т.А.Ә., к.а.ж., туған жылы, туған жері), жеке сәйкестендіру нөмірі (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке тұлғаға жеке сәйкестендіру нөмірі берілмеген жағдайларды қоспағанда) және заңды мекенжайы туралы, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5 бабы 3 тармағының 1) тармақшасына сәйкес іскерлік қатынастардың болжамды мақсаты мен сипатын, яғни өтінішке не себеп болғанын және осы операциялар қандай мақсаттар үшін талап етілетінін белгілеуді жүзеге асыруға. Клиенттер (олардың өкілдері) сақтандыру компаниялары мен нотариустарға бенефициарлық меншік иелері туралы ақпаратты қоса алғанда, олардың заңда көзделген міндеттерді орындауы үшін қажетті ақпарат пен құжаттарды беруге міндетті. Заңның 12 бабының 8 тармағына сәйкес ұйым мен жеке тұлғаны Тізбеден алып тастау Тізбеге енгізілген ұйымдар мен жеке тұлғаларға тиесілі ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды тоқтату жөніндегі шараларды қолданудың күшін жою үшін негіз болып табылады.
III тарау. Ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды тоқтату жөнінде шаралар қолданылмаған жағдайдағы жауапкершілік
Заңның 20 бабының 1 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 214 бабының тармақтарына сәйкес мынадай жауапкершілік көзделген: 2 тармақ. Қаржы мониторингі субъектілерінің қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операциялар туралы ақпаратты бермеуі, уақтылы бермеуі – жеке тұлғаларға - елу, лауазымды адамдарға, нотариустар мен адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз жиырма, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 4 тармақ. Қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеру жөніндегі шараларды қабылдамауы – жеке тұлғаларға – отыз, лауазымды адамдарға, нотариустар мен адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – сексен, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 5 тармақ. Қаржы мониторингі субъектілерінің Қазақстан Республикасының КЖ/ТҚҚ туралы заңнамасын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды мұздату жөніндегі шараларды қабылдау және (немесе) ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды мұздату жөніндегі шаралар туралы ақпарат беру бөлігінде бұзуы – жеке тұлғаларға – елу, лауазымды адамдарға, нотариустар мен адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз жиырма, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
6 тармақ. Қаржы мониторингі субъектілерінің клиентке іскерлік қатынастар орнатудан және ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар жүргізуден бас тарту және (немесе) іскерлік қатынастар орнатудан және ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар жүргізуден бас тарту туралы ақпарат беру жөніндегі міндеттерді орындамауы – жеке тұлғаларға – отыз, лауазымды адамдарға, нотариустар мен адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – сексен, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
IV тарау. Мұздату шараларын сақтаудың маңыздылығы ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операциялар
Қазақстан Республикасы 2021-2022 жылдары қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы ісқимыл бойынша Еуразиялық Топтың (ЕАТ) өзара бағалауынан өтуі тиіс. ФАТФ ұсынымдары мен БҰҰ ҚК қарарларына сәйкес Тізбеге енгізілген ұйымдардың және (немесе) тұлғалардың ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операцияларды дереу тоқтату бойынша уақтылы шаралар қабылдау мәселесі қаралатын болады. ЕАТ өзара бағалаудың теріс нәтижелері елдің инвестициялық тартымдылығына, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы имиджіне теріс әсер етуі мүмкін.