№9 Бұйрық
2026 жылғы 5 мамыр
Экономикалық құқық бұзушылық саласындағы заңға қайшы қызметке байланысты жеке және заңды тұлғалардың тізіліміне енгізу қағидаларын бекіту туралы
«Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 76-бабы 6-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
- Қоса беріліп отрыған Экономикалық құқық бұзушылық саласындағы заңға қайшы қызметке байланысты жеке және заңды тұлғалардың тізіліміне енгізу қағидалары бекітілсін.
- Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Превенция және талдау әзірлемелері департаменті белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты оны ресми түрде жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
- Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
- Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Қаржылық мониторинг
агенттігінің төрағасы Ж. Элиманов
2026 жылғы 05 мамырдағы
№ 9 бұйрығына қосымша
Экономикалық құқық бұзушылық саласындағы заңға қайшы қызметке байланысты жеке және заңды тұлғалардың тізіліміне енгізу
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
- Осы Экономикалық құқық бұзушылық саласындағы заңға қайшы қызметке байланысты жеке және заңды тұлғалардың тізіліміне енгізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 76-бабының
6-тармағына сәйкес әзірленген және экономикалық құқық бұзушылық саласындағы заңға қайшы қызметке байланысты жеке және заңды тұлғалардың тізіліміне енгізу тәртібін айқындайды.
- Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) экономикалық құқық бұзушылық саласындағы заңға қайшы қызметке байланысты тұлғалар – экономикалық қызмет саласындағы құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәсі заңды күшіне енген соттың айыптау үкімімен белгіленген жеке немесе заңды тұлғалар (коммерциялық немесе коммерциялық емес ұйымның басшысы және өзге де қызметкері), сондай-ақ экономикалық құқық бұзушылықтарды жасау үшін пайдаланылған заңды тұлғалар;
2) экономикалық құқық бұзушылық саласындағы заңға қайшы қызметке байланысты жеке және заңды тұлғалардың тізілімі – экономикалық құқық бұзушылық саласындағы заңға қайшы қызметке байланысты жеке және заңды тұлғалар туралы мәліметтерді сақтау және есепке алу үшін арналған тізім.
- Экономикалық құқық бұзушылық саласындағы заңға қайшы қызметке байланысты жеке және заңды тұлғалардың тізілімі (бұдан әрі – Тізілім) профилактика жасау және экономикалық құқық бұзушылық саласында орын алған тәуекелдер мен қатерлер туралы қоғам мен кәсіпкерлік субъектілеріне хабар беру үшін пайдаланылады.
2-тарау. Экономикалық құқық бұзушылық саласындағы заңға қайшы қызметке байланысты жеке және заңды тұлғалардың тізіліміне енгізу тәртібі
- Тізілімге енгізу Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша заңды күшіне енген соттың айыптау үкімі негізінде жүзеге асырылады.
- Тізілімге экономикалық қызмет саласындағы тергеп-тексеруді Қазақстан Республикасының экономикалық тергеп-тексеру қызметі және ішкі істер органдары жүргізген қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша жеке және заңды тұлғалар туралы мәліметтер енгізіледі.
- Тізілімдегі мәліметтер экономикалық тергеп-тексеру қызметінің ведомстволық интернет-ресурсында жарияланады.
- Тізілімге мынадай мәліметтер енгізілуге тиіс: экономикалық құқық бұзушылық саласындағы заңға қайшы қызметке байланысты тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), туған күні, айы, жылы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бабы, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырған органның атауы.
Заңды тұлғаны құқыққа қайшы әрекеттер жасау мақсатында және заңсыз қызмет құралы ретінде пайдаланған жағдайларда: заңды тұлғаның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі.
Қаржы пирамиданы құрумен және (немесе) басқарумен байланысты қылмыстар бойынша жоба атауы да көрсетілуге тиіс.
- Тізілімді жүзеге асырылатын қызметтің ерекшелігін ескере отырып, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің жауапты бөлімшесі жүргізеді.
- Тізілімді экономикалық тергеп-тексеру қызметінің құрылымдық бөлімшесінің басшысы бекітеді және тоқсан сайын жаңартылады.
- Тізілімнен шығару негіздері:
1) Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 79-бабына сәйкес соттылықтың алынуы немесе өтелуі;
2) жеке тұлғаның қайтыс болуы немесе әрекетке қабілетсіз деп танылуы;
3) Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес қабылданған заңды тұлғаны тарату туралы заңды күшіне енген сот шешімі.