Қазіргі таңда Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып «Абайға құрмет» акциясы аясында облыс орталығында бірнеше нысанның құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Аймақ басшысы Берік Уәли бүгін аталған акция шеңберінде салынып жатқан екі нысан – Мирный кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Қарағайлы ықшам ауданындағы инклюзивті спорт кешенінде, сондай-ақ, Қарағайлы ықшам ауданындағы Binom мектебінің құрылыс алаңында болды.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешені «Абайға құрмет» акциясы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай операторы Samruk-Kazyna Trust арқылы қаржыландырылуда. Жалпы ауданы 2000 шаршы метр болатын екі қабатты орталықта әртүрлі спорт түрлеріне арналған зал, 100 көрерменге арналған трибуна, күрес және бокс залдары, тренажер залы мен қосалқы бөлмелер салынатын болады.
Қазіргі уақытта мұнда сэндвич-панельдерді монтаждау, ішкі инженерлік желілерді төсеу, ғимарат шатырын жабу жұмысы жүргізілуде. Нысан басында 35 адам жұмыс істеп жатыр. Мердігерлердің айтуынша, ғимарат құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Ал Қарағайлы ықшам ауданында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынып жатқан инклюзивті спорт кешенінің жалпы аумағы 2057 шаршы метрді құрайды. Заманауи ғимаратта әмбебап спорт залы, адаптивті дене шынықтыру залы, күрес элементтері бар арнайы зал, тренажер залы, бочча залы, үстел теннисі мен үстел ойындарына арналған бөлмелер қарастырылады. Екі қабаттан тұратын нысан бір мезгілде 130 адамға дейін спортпен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік береді.
Бүгінде құрылыс алаңында топырақты жеткізу, жоспарлау және тығыздау жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар металл конструкцияларын дайындау және оларды тығыздау жұмысы қатар атқарылуда.
Қарағайлы ықшам ауданында қазіргі таңда 1400 орындық Binom мектебінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Төрт қабатты білім беру нысанының жалпы ауданы – 12 202,95 шаршы метр. Қазіргі уақытта нысанда темірбетон бағаналар мен жабын плиталарын арматуралау және бетондау жұмысы атқарылып жатыр. Нысан басында 70 адам еңбек етуде. Жұмысшылардың дені – жергілікті азаматтар. Мұнда заманауи оқу кабинеттері, зертханалар, спорттық және мәдени бағыттағы нысандар салынатын болады.
Облыс әкімі аталған үш жобаның да өңір тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтіп, мердігерлерге нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
«Президентіміздің тікелей қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында бүгінде Семейде бірқатар нысанның құрылысы жүріп жатыр. Мирный кентінде мұндай дене шынықтыру-сауықтыру кешені бұрын болмаған. Тұрғындарға өте қажетті нысан. Осы аумақта 3 мектеп орналасқан. Балалар келіп, спортпен шұғылдана алады. Қарағайлы ықшам ауданындағы инклюзивті спорт кешені де өңірімізде алғаш рет бой көтеруде. Жалпы, бұл ауданның тұрғындары жылдан жылға өсіп келеді. Мектепке сұраныс жоғары. Сондықтан «BINOM» сияқты жаңа, заманауи мектептер керек. Осы аудандағы мектептерде 3 мың балаға дейін, екі ауысыммен оқып жатыр. Ең бастысы, басталған құрылыстарды сапалы әрі уақтылы аяқтауымыз керек. Құрылыс жұмыстарын бақылап, тұрақты қадағалауда ұстап отырамыз», – деді Берік Уәли.
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында жол жүрісі мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар мен жастар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зорлық-зомбылық пен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмыстардың тиімділігі мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан, білім басқармасының басшысы Айжан Құрманова, Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов баяндады.
Жиында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланды. Тоғыз айда республикалық жолдарда жануарлардың қатысуымен 268 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осы бағыттағы қауіпсіздікті күшейту үшін жолдарға малға қарсы қоршау орнатылып, жол белгілері мен таңбалары жаңартылуда. Сонымен қатар мектептер маңындағы жол инфрақұрылымын жетілдіру, қауіпті учаскелерді жарықтандыру және жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау мәселелеріне назар аударылды.
Облыста жол инфрақұрылымын жаңарту жұмысы жалғасуда. Республикалық жолдарда 33 мың шаршы метрден астам ойық жөнделіп, малға қарсы 13 шақырым қоршау орнатылған. Облыстық және аудандық жолдарда 160 мың шаршы метрден астам асфальт жамылғысы жөнделді. Семей қаласында жалпы ұзындығы 22,7 шақырым болатын 20 көшеде жөндеу жүргізіліп, жаяу жүргіншілер жолдары салынып, жол белгілері орнатылуда.
Аймақ басшысы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының маңызын атап өтті.
«Жол-көлік оқиғаларының жалпы саны азайғанымен, қаза тапқандар санының өсуі алаңдаушылық туғызады. Әсіресе мектептердің маңындағы қауіпсіздікке, жолдардың қауіпті учаскелеріне, қараусыз жүрген малға және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымына ерекше назар аударуымыз қажет. Жол қауіпсіздігі тек полицияның міндеті емес. Бұл – жергілікті атқарушы органдардың, жол қызметтерінің және барлық жауапты мекемелердің ортақ жауапкершілігі», – деді Берік Уәли.
Облыс әкімі Абай, Ақсуат, Аягөз және Жарма аудандарының әкімдеріне, білім, балалардың құқықтарын қорғау басқармалары мен полиция департаментіне 14 білім беру ұйымының маңындағы жол қауіпсіздігіне қатысты кемшіліктерді жою жөнінде нақты жоспар әзірлеп, жұмыстар аяқталғанға дейін балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уақытша шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, қараусыз жүрген малдың жолға шығуына жол бермеуді, мал иелерінің жауапкершілігін арттыру және жолдардың қауіпті учаскелеріндегі қауіпсіздік шараларын күшейтуді жүктеді.
Жиында жауапты мекемелерге жолдардың қауіпті учаскелерін анықтап, жөндеу, жарықтандыру, қоршаулар орнату және жол таңбаларын жаңарту бойынша басым нысандардың тізбесін әзірлеу тапсырылды.
Кеңесте кәмелетке толмағандар мен жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зорлық-зомбылық пен құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары қаралды. Облыста кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық көрсеткіштері төмендегенімен балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың саны артқан. Аймақ басшысы жауапты басқармалар мен полиция департаментіне алдын алу шараларын күшейтуді, тәуекел тобындағы балаларға жеке қолдау көрсетуді және білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелерінің жұмысын тұрақты бақылауды тапсырды.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірдің білім беру ұйымдарында 99 657 оқушы мен 20 454 студент білім алады. Мектептерде 16 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған, 304 мемлекеттік мектептің барлығы бейнебақылаумен қамтылған. Оқушылардың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығын қамтамасыз ету үшін педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтер жұмыс жүргізіп, балаларға және олардың ата-аналарына жеке консультациялар беруде.
Жыл басынан бері білім беру ұйымдарында мемлекеттік органдармен бірлесіп 2 683 іс-шара өткізілген. Апта сайынғы қауіпсіздік сабақтарында буллингтің, құқық бұзушылықтардың және интернеттегі қауіптердің алдын алу мәселелері қамтылуда.
Кеңейтілген кеңесте балалар арасындағы суицидтің алдын алу, отбасындағы зорлық-зомбылық пен буллингті ерте анықтау, қолайсыз отбасылардағы балаларға қолдау көрсету және жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.
«Балалардың қауіпсіздігі – біздің жұмысымыздың негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағытта формалды есепке емес, нақты нәтижеге жұмыс істеуіміз керек», – деді Берік Уәли.
Аймақ басшысы жауапты басқармалар мен полиция департаментіне балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың өсу себептерін талдап, алдын алу жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Бұдан бөлек профилактикалық есепте тұрған отбасылардың әлеуметтік жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу, балаларды тегін үйірмелерге, спорт секцияларына және шығармашылық жобаларға тарту, білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау мен дабыл жүйелерінің жұмысын тексеру міндеті қойылды.
Аймақ басшысы Берік Уәли облыс активіне балалар құқықтарын қорғау басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Бұл қызметке ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Айжан Дәуітбекқызы Мұқатова тағайындалды.
Айжан Дәуітбекқызы Мұқатова 1998 жылы Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін «ағылшын тілі мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1998 жылы Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде ағылшын тілі мұғалімі болып бастаған. 2007–2017 жылдары аталған колледждің ағылшын тілі бөлімінің меңгерушісі, 2017–2025 жылдары Семей қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жоғары санатты педагогы болды. Осы мектептің KIVA бағдарламасының мүшесі, буллинг және кибербуллинг бойынша жұмыс тәжірибесі бар.
Осы тағайындауға дейін Семей медициналық колледжі директорының стратегиялық дамыту жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Аймақ басшысы Берік Уәли бүгін облыс активіне туризм басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Бұл қызметке ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Қуаныш Әділбайұлы Әбілдаев тағайындалды.
Қуаныш Әділбайұлы Әбілдаев 2011 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін, 2014 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
Әр жылдары Қызылорда облысы сот актілерін орындау департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша басқармасы мен департаментінде түрлі лауазымдарда еңбек етті.
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің бас инспекторы, Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, Семей қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
Осы тағайындауға дейін Абай облысының туризм басқармасының туризмді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы болды.
Аймақ басшысы Берік Уәли облыс активіне су ресурстары және ирригация басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Бұл қызметке ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Асхат Сайдахметұлы Смаилов тағайындалды.
Асхат Сайдахметұлы Смаилов 1968 жылы Семей облысында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1991 жылы Ақсуат аудандық қаржы бөлімінің кірістердің түсуіне болжау және экономикалық талдау бойынша аға экономисті ретінде бастаған.
1994-1997 жылдары Ақсуат аудандық қаржы бөлімінің салықтарды болжау бөлімінің меңгерушісі, қаржы бөлімінің меңгерушісі, 1997-2002 жылдары Тарбағатай ауданының қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2002-2005 жылдары Тарбағатай аудандық экономика бөлімінің бастығы, 2005-2007 жылдары Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары, 2007-2009 жылдары Тарбағатай аудандық қаржы бөлімінің, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы, Көкжыра ауылының әкімі болды.
2009-2010 жылдары Тарбағатай ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2010-2018 жылдары Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары, 2018-2020 жылдары Көкпекті ауданының әкімі, 2020-2022 жылдары Тарбағатай ауданының әкімі, 2022-2024 жылдары Абай облысы Ақсуат ауданының әкімі, 2024-2025 жылдары Абай облысы қаржы басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
Осы тағайындауға дейін Абай облысы әкімінің кеңесшісі болды.
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли кәсіби шеберліктен өткен 48-ші әлем чемпионаты – «WorldSkills Shanghai 2026» байқауының қола жүлдегері, Семейдегі Электротехникалық колледждің студенті Руслан Нестеренкомен кездесті. Кездесуге Электротехникалық колледждің директоры Марат Серікболұлы мен Русланның тәлімгері, аталған оқу орнының оқу-өндірістік шеберханаларының шебері Нұрбол Жүнісов қатысты.
Руслан Нестеренко әлем чемпионатында «Ұшқышсыз авиациялық жүйелер» құзыреттілігі бойынша бақ сынап, қола медаль иеленді. Аталған құзыреттілік биыл әлем чемпионатының бағдарламасына алғаш рет енгізілді.
Облыс әкімі чемпионаттың жүлдегерін, оның ұстаздарын, колледж ұжымын айтулы жетістіктерімен құттықтады.
«Бұл – халықаралық деңгейдегі елеулі жетістік және біздің өңіріміз үшін үлкен мақтаныш. Байқаудың қазіргі таңда заманауи технологиялардың қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі – ұшқышсыз авиациялық жүйелер саласында өтуі де ерекше мәнге ие. Бүгінде ұшқышсыз авиациялық жүйелер өнеркәсіптен ауыл шаруашылығына, геологиядан аумақтарды мониторингілеуге, қауіпсіздік саласына дейінгі көптеген бағытта кеңінен қолданылып жүр. Ал осы заманауи технологиялық бағытта біздің студентіміз әлемдік деңгейдегі нәтиже көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарға сапалы білім беріп, кәсіби мамандар даярлау – еліміздің басты міндеттерінің бірі екенін үнемі атап өтіп келеді. Облысымыздың 70 жыл тарихы бар Электротехникалық колледжі – жастар нақты кәсіби дағдыларды меңгеріп, заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйреніп, экономикаға қажетті құзыреттерді игеретін маңызды білім беру орталығы. Дәл осы жерде техникалық бағыттағы жаңа буын мамандары қалыптасуда. Русланның жетістігі – оның жеке еңбегімен қатар, оқытушылардың, өндірістік оқыту шеберлерінің және колледждің бүкіл ұжымының жүйелі жұмысының нәтижесі деп бағалаймыз», – деді Берік Уәли.
Кездесу барысында облыс әкімі Руслан Нестеренкоға, оның тәлімгері, аталған оқу орнының оқу-өндірістік шеберханаларының шебері Нұрбол Жүнісов пен Электротехникалық колледж директоры Марат Серікболұлына құрмет көрсетіп, қаржылай сертификат табыс етті.
Чемпионат барысында Руслан ұшқышсыз аппараттарды құрастыру, ұшу контроллерлерін бағдарламалау, сенсорларды баптау және жоғары дәлдіктегі пилоттау бойынша кешенді тапсырмаларды орындады.
«Чемпионатқа дайындық кезінде қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесін берген ұстаздарыма, тәлімгерлеріме және колледж ұжымына үлкен алғыс айтамын. Жастарға әрдайым қолдау көрсетіп, білім алып, өз қабілетімізді көрсетуімізге мүмкіндік жасап отырғандарыңыз үшін рақмет. Осындай мүмкіндіктердің арқасында студенттер өздерін дамытып, түрлі жарыстарда бақтарын сынай алады», – деді Руслан Нестеренко.
Русланның тәлімгері Нұрбол Бақытбекұлы биыл Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен CICA Skills Competition халықаралық байқауында 2 орынды иеленді. Ол «WorldSkills Kazakhstan» республикалық чемпионатында сарапшы ретінде қызмет атқарады.
Биылғы әлем чемпионатында Қазақстан намысын 31 құзыреттілік бойынша 33 колледж студенті қорғады. Ұлттық құраманың жалғыз қола медалін Абай облысының студенті жеңіп алды. Ерекше атап өтерлігі, мұндай медальді Қазақстан алғаш рет иеленіп отыр.
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангалмен кездесті. Кездесуге Семей медицина университетінің басқарма төрағасы - ректоры Алтай Дүсіпов те қатысты.
Жылы рәуіште өткен жүздесуде сауда-экономикалық, инвестициялық, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Абай облысы мен Үндістан арасындағы байланыстың маңызды бағыттарының бірі – білім саласы. Қазір Семей медицина университетінде Үндістаннан келген 490 студент бакалавриатта, 40 студент интернатурада білім алуда. Соңғы үш жылда Үндістанның 492 азаматы аталған университетті тәмәмдады.
Сайлас Тангал кездесуде жылы қабылдауы үшін облыс әкіміне алғысын жеткізіп, алдағы уақытта құрылыс, өндіріс, кен орындарын игеру, IT, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі салаларында ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
«Екі ел арасындағы қарым-қатынастың маңызды бағыттарының бірі – білім саласындағы байланыс. Семей медицина университетінде көптеген үндістандық студенттердің білім алып жатқаны біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл – өңірдегі ғана емес, Қазақстандағы беделді жоғары оқу орындарының бірі. Облыс басшылығына, университет ректоры мен ұжымына үндістандық студенттерге көрсетіп отырған қамқорлығы үшін ерекше алғыс айтамын. Мұнда олардың алаңсыз білім алуына, қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне қажетті жағдай жасалған. Бұл жастар болашақ дәрігерлер ғана емес, Қазақстан мен Үндістан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын маңызды көпір. Алдағы уақытта басқа салаларда да ынтымақтастық орнатуға, инвесторлар әкелуге дайынбыз», – деді Елші.
Аймақ басшысы Қазақстан мен Үндістан арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызын атап өтіп, өңірдің әлеуетіне, инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, облыста шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғанын айтты.
«Мемлекет басшыларымыздың өзара сенімге негізделген диалогы арқасында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік жылдан-жылға нығайып, жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Біздің облысымызға арнайы келгеніңіз үшін алғыс білдіремін. Өзіңіз атап өткендей, білім саласындағы байланысымыздың орны ерекше. Үндістан азаматтарының еліміздегі медициналық білімнің сапасын жоғары бағалайтыны бізді қуантады. Үндістандық студенттер қаладағы қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысады. Ерекше атап өтерлігі, Семей медицина университеті 1998 жылы шет елдік студенттерге ағылшын тілінде білім беруді Орта Азияда алғашқылардың бірі болып қолға алды. Кейін бұл тәжірибені еліміздің басқа да жоғары оқу орындары қолдана бастады. Біз Үндістан елімен барлық салада байланыс орнатуға дайынбыз. Үндістандық компаниялардың Абай облысына келіп, жұмыс істеуіне мүдделіміз. Нақты жобасы мен ұсынысы бар инвесторларға Үкіметпен және тиісті министрліктермен бірлесіп қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Берік Уәли.
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли «Татар өнер мектебінің» негізін қалаушы, педагог, қоғам қайраткері, композитор Габдулхак Ахунжановпен кездесіп, мерейлі мерейтойымен құттықтады.
Габдулхак Ахунжанов 1988 жылдан бастап өңірде татар ұлттық өнерін дамыту бағытындағы шығармашылық және ұйымдастырушылық қызметін белсенді түрде жалғастырып келеді. Оның бастамасымен «Күңелле балачак» вокалдық-аспаптық ансамблі, «Истәлек» фольклорлық-этнографиялық ансамблі құрылды. 1992 жылы Татар балалар хор музыка мектебін ұйымдастырып, оның директоры болды. 1996 жылы білім беру ұйымы дербес заңды тұлға мәртебесіне ие болып, «Татар өнер мектебі» атауын алды. Г.Ахунжановтың басшылығымен мектептің шығармашылық бағыттары кеңейіп, вокал, хор, хореография, баян, фортепиано, гитара, домбыра, скрипка және сәндік-қолданбалы өнер бөлімдері жұмыс істей бастады.
Сондай-ақ, ол 2000 жылдан бері Семей қаласында «Иртыш Моңнары» татар өнерінің халықаралық фестиваль-байқауын өткізіп келеді. Аталған мәдени шараның Қазақстан, Ресей, Татарстан және өзге де елдердің шығармашылық ұжымдарын бір арнаға тоғыстырып, мәдени байланыстарды нығайтуда ықпалы зор.
Кездесу барысында облыс әкімі Габдулхак Габдуллұлын ұзақ жылдар бойы білім беру мен мәдениет саласына, ұлттық өнерді дамытуға және қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлесін атап өтті. Аймақ басшысы мерейтой иесіне «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.
«Бүгін өзіңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. 75 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ пен татар ұлты – Абай заманынан бері тұрмыстық, рухани және мәдени байланысы берік орныққан бауырлас халықтар. Татар халқының Семей қаласының тарихында өзіндік орны бар. Облыс орталығында былтыр бой көтерген «Пана» қонақүй кешенінің бұрынғы тарихи ғимаратын ағайынды Мусиндердің салғаны белгілі. Кезінде заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов доп тепкен «Ярыш» командасының құрылуына да татар ағайындардың үлес қосқанын білеміз. Бұл – екі халықтың достығының жарқын көрінісі. Қазақ халқында: «Ақылды қария – ағынды дария» деген сөз бар. Сіздің 75 жылдық ғұмырыңыз – кейінгі буынға айтары бар, өнегесі мол осындай дариялы өмірдің бір белесі. Бүгін өзіңізге «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстап отырмыз. Бұл – Сіздің Семейдің мәдени-рухани өміріне сіңірген еңбегіңізге, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесіңізге және ел арасындағы татулықты нығайту жолындағы қызметіңізге Абай елінің білдірген шынайы құрметі мен алғысы деп білерсіз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін. Еңбегіңіздің жемісін көріп, елдің ортасында абыройлы ғұмыр кеше беріңіз», – деді Берік Уәли.
Өз кезегінде Габдулхак Ахунжанов көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, өңірдің мәдениет пен өнер саласын дамытуға, татулық пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған жұмыстарды одан әрі жалғастыра беретінін жеткізді.
«Еңбегімді елеп, ескеріп, құрмет көрсетіп жатқаныңызға алғыс айтамын. Бұл марапат – мен үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Қасиетті Абай елінде қос халықтың татулығы мен достығын нығайтуға бағытталған қызметімді жалғастыра беремін», – деді ол.
Бүгін Семей қаласында жазушы, абайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, жерлесіміз Тұрсын Жұртбайдың 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ әдебиетіндегі көркем ойлау жүйесі және Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық даралығы» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Абай облысы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі және Шәкәрім университетінің ұйымдастыруымен өткен ғылыми жиынға Қазақстан, Түркия және Өзбекстаннан әдебиеттанушы, тарихшы ғалымдар, абайтанушылар мен алаштанушылар, зиялы қауым өкілдері, жас зерттеушілер қатысты.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли Тұрсын Жұртбайдың қазақ ғылымы мен ұлттық руханиятына қосқан үлесі зор екенін атап өтті.
«Біз бүгін Алаштың астанасы, тұңғыштар мекені, қазақтың қайта өрлеу дәуірінің алтын бесігі Семейде бөгенайы бөлек, маңызы ерек салихалы басқосуда жүздесіп отырмыз. Елу жылдан астам ғұмырын ғылымға, ұлттық сананы жаңғыртуға, тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын толтыруға арнаған абыз қаламгер, біртуар ғалым, қабырғалы қайраткер Тұрсын ағамыз Кеңес одағы заманынан бастап сол кезеңде қауіпті тақырып саналатын жаңа бағыт алаш тарихын зерттеп, Алаштану ғылымының негізін салған ғалымдардың біріне айналды. Қазақтың бірнеше буын көкірегі отты, көзі ашық жастары осы үлкен ғылыми арнаның, рухани темірқазықтың арқасында азаматтық болмысын, саяси көзқарасын, тарихи санасын қалыптастырды. Профессор Тұрсын Жұртбайдың зерттеу бағыттары мен ғылыми еңбегі – тұлғатану мен тарихнаманың алтын қоры десек, асылық айтқандық болмас еді. Ғалымның көпжылдық ізденісін тұтас әрі жүйелі концепция ретінде қарастыру оның шығармашылық зертханасын терең түсінуге мүмкіндік береді. Бүгінгі конференция мерейтойды атап өту рәсімі ғана емес, ұстазға, ғалымға деген туған елдің құрмет-қошеметі деп білерсіздер», – деді Берік Уәли.
Ғылыми жиында Тұрсын Жұртбайдың қазақ әдебиеттануы, абайтану, алаштану және әуезовтану ғылымының дамуына қосқан үлесі, қаламгердің шығармашылық даралығы мен көркемдік ізденістері жан-жақты талқыланды.
Пленарлық мәжілісте ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара, Өзбекстан Республикасы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінің бас ғылыми қызметкері Бахром Ырзаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Айгүл Рамазан, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессорлары Жансая Жарылғап, Шәкәрім университетінің профессоры Бауыржан Ердембеков Тұрсын Жұртбай шығармашылығына қатысты мазмұнды баяндама жасады.
Мерейтой иесі халықаралық конференцияны ұйымдастырушыларға өз ризашылығын жеткізді.
«Осы уақытқа дейін менің атыммен 134 кітабым жарық көріпті. Бүгін, осы конференцияда солардың ішіндегі ойларымды, айтылған сөздерді сіздер талқыға салдыңыздар. Үлкен қауым біледі. Жастардың алдағы уақытта қаперінде болар деп ойлаймын. Ағайын, "осынша берген дәулетті, көтеріп тұра алар ма екенбіз" деп Ақтамберді жырау айтқандай, осынша үлкен құрметтеріңізге шын жүрегімнен рахмет айтамын», – деді жазушы.
Конференция аясында Тұрсын Жұртбайдың «Ұлт ақыны. Мағжан Жұмабайдың шығармашылық өмірбаяны» және «Өлгендермен өмір сүремін» атты кітаптарының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, жазушының атынан Шәкәрім университетінің 5 студентіне Тұрсын Жұртбай атындағы арнайы стипендия тағайындалып, сертификаты табыс етілді.
Мерейтойға орай бүгін Семейде «Тұрсын Жұртбай әлемі» көрмесі ұйымдастырылып, Абай музейінде «Алаштың алып тұлғасы» атты әдеби кеш өтеді.
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Семей қаласындағы ескі автогуж көпірінің жанында салынып жатқан жаңа көлік өткелінің құрылыс барысын көрді.
Көпір төрт жолақты қозғалысқа есептелген, ұзындығы – 810 метр, ені – 23 метр болады. Нысанның жалпы құны – 47,3 млрд теңге. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 87 пайызы аяқталған. Жалпы салмағы 9 мың тонна, ұзындығы 810 метрді құрайтын металл аралық құрылымы толық орнатылды. Металл конструкцияның үстіне асфальтбетон жамылғысының астына төселетін «техноэласт» гидрооқшаулағыш материалын төсеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, көпірге кіреберіс Шәкәрім және Тәңірбергенов көшелеріндегі ұзындығы 560 метр құрайтын автомобиль жолдарын қайта жаңғырту қатар жүргізілуде.
Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстарын аяқтап, жыл соңына дейін жаңа көпір арқылы көлік қозғалысын іске қосу көзделіп отыр. Жаңа өткел пайдалануға берілгеннен кейін ескі автогуж көпірі жаяу жүргіншілерге арналған кеңістікке айналып, тұрғындардың серуендеуіне және демалуына қолайлы орын болмақ.
Облыс әкімі нысандағы құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды және белгіленген мерзімнен кешіктірмей аяқтауды тапсырды.