2026 жылдың 5 айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 106,1 млрд.теңгені (өсу қарқыны 133,6%) құрады, ауыл шаруашылығы өнімінің нақты көлемінің индексі 103,5% мөлшерінде қалыптасты.
Осы кезеңде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 11,4 млрд.теңге инвестиция салынды.
2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының саны: ірі қара мал – 1 020,1 мың бас, оның ішінде аналық мал (сиыр) – 420,5 мың бас, жылқы – 518,9 мың бас, қой мен ешкі – 1 622,8 мың бас, құс – 1 746,8 мың бас болды.
Осы кезеңде облыс бойынша ет өндірісі (сойыс салмағында) 5,6%-ға артып, 25,3 мың тоннаны құрады (оның ішінде сиыр еті – 6,9 мың тонна, қой еті – 3,1 мың тонна, жылқы еті – 6,0 мың тонна, құс еті – 8,5 мың тонна). Сиыр сүтінің өндірісі 2,7%-ға артып, 101,8 мың тоннаға жетті. Тауық жұмыртқасының өндірісі 19,7 млн дананы құрады..
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 789,3 мың гектарды құрайды, оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары 299,2 мың гектарды, майлы дақылдар 340,3 мың гектарды, жем-шөп 138,0 мың гектарды, картоп 6,6 мың гектарды, 5,2 мың гектарды көкөніс және бақша дақылдары құрайды. Бұл көрсеткіштер Мемлекет басшысының егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес келеді.
Жыл басынан 276 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды, машина-трактор паркінің жаңару деңгейі 3%-ды құрады (жоспар – 8%).
Ағымдағы жылы су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі нысаналы индикаторларды орындау аясында суармалы жерлердің көлемі 6,4 мың га ұлғайды (оның ішінде жаңбырлатып суару тәсілімен - 2,1 мың га, тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы - 4,3 мың га), нәтижесінде көрсеткіш 29,9 мың га немесе 85,5% құрады.
Агроөнеркәсіптік кешен саласында облыс әкімі бекіткен және АШМ келісілген 2026-2028 жылдарға арналған инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша өзектендірілген Жол картасына сәйкес 112,5 млрд. теңге сомасына 19 жоба көзделген.
2026 жылы жалпы құны 23,7 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар аясында 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы 4 млрд теңгені құрайтын «Агролидер KAZ» кәсіпорнының 1 жобасы іске асырылды.
«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Семей» АҚ ұсынған мәліметке сәйкес, ағымдағы жылы 10 ауданнан жалпы сомасы 815,4 млн теңгені құрайтын 52 өтінім қабылданды. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін жалпы сомасы 549,4 млн теңгені құрайтын 27 жоба қаржыландырылды.
«Кең дала» бағдарламасы бойынша 2026 жылы облысқа көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 10,3 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 13,6 млрд теңгеге 198 несие берілді.
Өткен жылы «Кең дала» бағдарламасы аясында облыстың 202 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісіне жалпы сомасы 9,5 млрд теңге көлемінде кредит берілді.