Абай облысында білім беру жүйесі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, орта білім беруді, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беруді қамтитын бағыттар бойынша жүйелі түрде дамып келеді.
Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту
Облыстағы мектепке дейінгі ұйымдар желісі 379 бірлікті құрайды, оның ішінде 187 балабақша және 192 шағын орталық бар. Балалардың жалпы контингенті – 25 067 бала, оның ішінде 9 927 бала жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдарға барады. Облыста 9 586 баланы қамтитын 91 мемлекеттік балабақша және 9 927 бала тәрбиеленіп жатқан 96 жеке балабақша жұмыс істейді.
3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші – 100%, ал 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі – 97,5%. Мектепке дейінгі ұйымдарда 2 597 педагог еңбек етеді, оның ішінде 2 142 меңгеруші, әдіскер және тәрбиеші бар. Олардың 1 950-і (91%) бейінді білім алған мамандар.
Облыстағы барлық мектепке дейінгі ұйымдар 100% бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Мектепке дейінгі ұйымдарға кезекте тұрған балалар саны – 3,9 мың, оның ішінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар бар.
2026 жылдың басынан бері облыста мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған 335 орындық 5 мектепке дейінгі ұйым ашылды.
Абай облысында балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою және жолдама алу рәсімдері автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады. Бұған дейін Indigo24.kz базасы қолданылса, 2026 жылдың сәуір айынан бастап барлық мектепке дейінгі ұйымдар бірыңғай Balabagsha Smart Nation жүйесіне көшірілді. Қазіргі таңда жолдамалар осы жүйе арқылы беріледі.
Орта білім беру
2026 жылы облыста 100 590 оқушы білім алатын 314 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Бірінші сыныпқа 9 541 бала қабылданды, оның ішінде 6 798 оқушы қазақ тілінде, 2 743 оқушы орыс тілінде білім алады.
2026 жылғы мектеп бітірушілер саны – 15 304 оқушы. Оның ішінде 9-сыныпты аяқтағандар – 9 239, 11-сыныпты аяқтағандар – 6 065 адам.
«Алтын белгі» белгісінің иегерлері – 432 түлек, үздік аттестат алғандар саны – 464 адам. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 5 651 түлек қатысты, бұл жалпы түлектердің 93%-ын құрайды.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарымен қатар облыста 8 жекеменшік білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың барлығы Семей қаласында орналасқан, білім алушылар контингенті – 1 258 оқушы.
2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша облыстағы 165 күндізгі жалпы білім беретін мектеп (52,5%) шағын жинақты мектептер болып табылады. Бұл мектептерде 12 041 оқушы білім алуда.
Абай облысында мектеп жоқ 121 ауылдық елді мекенде тұратын 3 199 мектеп жасындағы бала күнделікті тасымалдаумен қамтылған. Оқушыларды тасымалдау 109 автобус арқылы жүзеге асырылады, оның ішінде 15 автобус жалға алынған.
Облыс мектептерінде цифрлық сыныптар ашылып, оқушылар цифрлық технологияларға қызығушылығын арттырып, бағдарламалау, 3D модельдеу және робототехника бағыттары бойынша білім алуда. Жыл сайын облыстық IT-форумдар, чемпионаттар және фестивальдер өткізіліп, онда IT-сынып оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері ғылыми-технологиялық және IT саласындағы жобаларын таныстырады.
Мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету деңгейі – 100%.
Техникалық және кәсіптік білім беру
Абай облысының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 32 колледж жұмыс істейді, оның ішінде 18 мемлекеттік және 14 жекеменшік колледж бар. 2025–2026 оқу жылында колледждерде білім алушылар саны 20 853 адамды құрады, оның ішінде 15 592 студент мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуда.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің кадрлық әлеуеті 1 667 педагог қызметкерден тұрады, олардың қатарында оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері бар.
Колледждерде өңір экономикасының сұранысына сай 86 мамандық және 151 біліктілік бойынша кадрлар даярланады. Даярлау бағыттарына құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, энергетика, машина жасау, білім беру, денсаулық сақтау, өнер, байланыс және ақпараттандыру, сондай-ақ қызмет көрсету салалары кіреді.
31 колледжде 70 мамандық бойынша 210 кәсіпорынмен бірлесіп дуальды оқыту жүйесі жүзеге асырылуда. Дуальды оқытуға 3 368 студент қамтылған, бұл мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың 21%-ын құрайды.
Кәсіпкерлер палатасының деректеріне сәйкес, облыстың дуальды оқытуды енгізу жөніндегі Жол картасына 23 колледж енгізілген.
Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде білім беру бағдарламалары халықаралық стандарттар мен жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес тұрақты түрде жаңартылып отырады. Жыл басынан бері «Talap» КЕАҚ білім беру бағдарламалары тізіліміне 224 бағдарлама енгізілді.
Облыстағы 17 колледжде жалпы сыйымдылығы 3 152 орын болатын 20 жатақхана жұмыс істейді. Оның ішінде 17 жатақхана мемлекеттік колледждерге, 3 жатақхана жеке колледждерге тиесілі.
Жатақханалардың нақты толтырылуы 1 936 орынды немесе жобалық сыйымдылықтың 61%-ын құрайды. Ауылдық колледждердегі жатақханалардың жобалық сыйымдылығы – 585 орын, нақты толтырылуы – 211 орын (36%). Қалалық колледждердегі сыйымдылық – 2 567 орын, нақты толтырылуы – 1 725 орын (68%). Қосымша жатақхана салу қажеттілігі жоқ.
Қазақстанның WorldSkills халықаралық қозғалысына қатыса бастаған алғашқы кезеңдерінен бастап Семей қаласының колледждері әртүрлі деңгейдегі – өңірлік, ұлттық және халықаралық чемпионаттарда жүлделі орындар саны бойынша көшбасшылар қатарында келеді.
2025 жылғы 9–13 қыркүйек аралығында Дания Корольдігінің Хернинг қаласында IX Еуропалық кәсіби шеберлік чемпионаты EuroSkills Herning 2025 өтті. Чемпионатта Абай облысының атынан үш колледж студенті қатысты:
Осылайша, Абай облысының білім беру жүйесі қолжетімділікті арттыру, цифрлық технологияларды енгізу, тәжірибеге бағытталған оқытуды дамыту және еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар даярлау бағытында тұрақты дамып келеді.