2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Абай облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,5 трлн теңгені, нақты көлем индексі (НКИ) 101,7%-ды құрады

Өнеркәсіптің негізгі салалары бойынша оң динамика байқалады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артты.

Электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен жабдықтау және ауаны кондициялау саласында өндіріс көлемі 19,5%-ға өсті. Ал сумен жабдықтау, су бұру, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, сондай-ақ ластануды жою қызметтері саласында өсім 51,1%-ды құрады.

Сонымен қатар, тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемінің 1,1%-ға төмендеуі тіркелді.

Өңдеу өнеркәсібі өңір экономикасының маңызды салаларының бірі болып табылады. Бұл сала металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, сондай-ақ басқа да өндірістік бағыттарды қамтиды.

2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 600,6 млрд теңгені, нақты көлем индексі 107%-ды құрады.

Өңдеу өнеркәсібінің құрылымында ең жоғары үлесті металлургия өндірісі – 39% құрайды. Есепті кезеңде аталған сала кәсіпорындары 234,4 млрд теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі 91,1%-ды құрады. Саланың негізгі кәсіпорындары қатарында «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС, «Шығыстүстімет» ЖШС, «Алел» Қаржы инвестициялық корпорациясы» АҚ және «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС бар.

Өңір өнеркәсібін дамытудың маңызды бағыттарының бірі – машина жасау саласы. Оның өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 19,2%-ды құрайды. 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында машина жасау кәсіпорындары 115,6 млрд теңгенің өнімін өндірді. Саланың жетекші кәсіпорындары – көлік құралдары мен машина жасау өнімдерін шығаруға маманданған «СемАЗ» ЖШС және «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС.

Өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі, оның ішінде құрылыс материалдарын өндіру саласында өнім көлемі
65,9 млрд теңгені, нақты көлем индексі 84%-ды құрады. Аталған саланың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 10,9%-ға жетті. Негізгі өндірушілер қатарында «Семей цемент зауыты» ӨК ЖШС, «Семей Құрылыс Материалдары» ЖШС және «Силикат» ЖШС бар.

Тамақ өнеркәсібінде айтарлықтай өсім байқалады. 2026 жылдың 9 айында сала кәсіпорындары 147 млрд теңгенің өнімін өндірді. Нақты көлем индексі 160,6%-ды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндірістің нақты көлемі 60,6%-ға артты.

Тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту аясында Семей қаласында «Qazaq Astyq Group» ЖШС-нің өсімдік майын тазарту, құю және қаптау бойынша жаңа өндірістік цехы пайдалануға берілді.

Инвестициялық жобаның жалпы құны 8,4 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында 104 жұмыс орнын құру көзделген. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы тәулігіне 200 тонна, ал жылына 73 мың тоннаға дейін тазартылған күнбағыс майын шығаруға мүмкіндік береді.

Жеңіл өнеркәсіп саласында да оң динамика қалыптасты. Өндірілген өнім көлемі 4,2 млрд теңгені, нақты көлем индексі 125,9%-ды құрады. Саланың негізгі кәсіпорындары – «Семей аяқ киім фабрикасы» ЖШС және «Техноавиа-Казахстан» ЖШС-нің «Тігін фабрикасы» филиалы.

Жеңіл өнеркәсіпті дамыту және өңір кәсіпорындарын арнайы өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында Семей қаласында «Техноавиа – Казахстан» компаниясының арнайы жұмыс киімдерін, аяқ киімдерін және жеке қорғаныс құралдарын сататын дүкені ашылды.

Сауда нысанының жеке қоймасы бар, бұл өнеркәсіп кәсіпорындары мен ұйымдарды, сондай-ақ жеке тұлғаларды қажетті өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өңірлік кәсіпорындармен ынтымақтастықты кеңейту аясында компания облыстың алты ірі кәсіпорнымен келісімдер жасасты. Олардың қатарында «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС, «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС, «Eurasia Agro Semey», «Эйкос», «KondiZ distribution» және «Силикат» кәсіпорындары бар.

Қағаз және қағаз өнімдерін өндіру саласында шығарылған өнім көлемі 11,1 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 100,1%-ды құрады. Аталған бағыттағы жетекші кәсіпорындардың бірі – «Казполиграф» ЖШС.

Осылайша, 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Абай облысының өнеркәсіп саласында, ең алдымен, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің артуы есебінен оң даму динамикасы сақталуда.

 

Жаңалықтар

Барлық жаңалық