Мәңгілік жаса, менің Қазақстаным!

Мәңгілік жаса, менің Қазақстаным!

Республика күні - Қазақстан Республикасының ең маңызды мерекелерінің бірі. Бұл күн – халқымыздың мемлекеттілігін нығайтқан, егемендікке бастар тарихи жолдың бастауы. Республика күні – еліміздің тәуелсіздікке ұмтылысын, халықтың бірлігі мен еркіндік рухын айқындайтын ұлттық мереке. Осыған орай туған жеріміздің тарихын тереңірек танып, оның өткеніне құрметпен қарау, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен елге деген сүйіспеншілікті ояту мақсатында Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапхана-бөлімшелерінде түрлі форматта бірқатар іс-шаралар өткізілді.

Атап айтсақ №6 кітапхана-бөлімшесінің қызметкері №8 мектептің 5-6 сынып оқушыларының  қатысуымен «Менің Қазақстаным - менің болашағым» атты патриоттық кеш өткізді.

Шара басында қатысушылар ұлттық мереке Республика күнінің тарихи маңызымен, мемлекеттің дамуының негізгі кезеңдерімен және тәуелсіздік жылдарындағы ел жетістіктерімен танысты. Мемлекеттік рәміздерге, ұлттық құндылықтарға, қазақ халқының дәстүрлері мен мәдени мұрасына ерекше назар аударылды.

Кеш барысында Қазақстан тарихы, мемлекеттік рәміздер, ұлттық дәстүрлер, елдің табиғи байлықтары мен көрікті жерлері бойынша сұрақтарды қамтитын тақырыптық викторина өткізілді. Сонымен қатар Қазақстанның болашағы мен Отан тақырыбына жеке тоқталып, оқушылар туған ел мен туған өлке туралы өлеңдер оқып, сондай-ақ мемлекеттің дамуы, халық бірлігі мен қоғамдық келісім мәселелерін қозғай отырып, «Менің Қазақстаным – менің болашағым» тақырыбында өз ойларымен бөлісті.

«Жасай бер Қазақстаным!» атты мерекелік кеш Балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Қуаныш» балабақшасының «Күншуақ» ересектер тобының тәрбиеленушілерінің қатысуымен өткізілді.

Мерекелік кеш ҚР Мемлекеттік әнұранмен ашылды.

Кітапхана қызметкері балаларға Республика күнінің тарихи маңызы, ұлттық мұра мен дәстүрлерді сақтаудың маңыздылығы туралы айтып, елдің тарихы, Қазақстанның жетістіктері туралы бейнеролик көрсетті.

Кеш барысында балабақша тәрбиеленушілері Қазақстан, оның сұлулығы және әрбір адамның өміріндегі Отанның маңызы туралы өлеңдер оқыды. Сондай-ақ «Қазақстанды таны» және «Менің Отаным - Қазақстан!» атты танымдық ойындар ұйымдастырылды. Ойын барысында бүлдіршіндер еліміздің рәміздері, ұлттық құндылықтары мен көрікті жерлері туралы білетіндерін ортаға салып, белсенділік танытты

Іс-шара соңында кітапхана қызметкері Қазақстанның тарихы, мәдениеті, табиғаты мен көрікті жерлері туралы әдебиеттер қойылған кітап көрмесіне шолу жасады.

Қалалық орталық кітапхана қызметкерлері Семей қаласының 36/803 әскери бөлімінің сарбаздары мен «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Мәңгілік жаса, менің Қазақстаным!» атты qazaq nation fest өткізді.

Іс-шара басында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны шырқалды.

Кітапхана қызметкері Республика күнінің тарихи маңызын атап өтіп, оның ұлттық сананы нығайтудағы және тарихи жадыны сақтаудағы рөліне тоқталды. Сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттік рәміздері - Ту, Елтаңба және Әнұранның мәні мен ұлттық бірегейлікті нығайтудағы рөлі туралы айтылды.

Іс-шара жалғасында М.Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің студенттері Исаев Ералы «Қара кемер» әнін, Шұғыла Серікқалиева «Бір бидай» халық әнін шырқады. Сонымен қатар М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студентері Диляра Қанатқызы «Туған жер», «Көк ту», Нұрхат Кенжебаев, Нұрай Тұрсынтай «Отан», «Жер Ана», Айзере Қасен, Аружан Омарова «Сағыныш», «Қазақ елі», «Астана» атты патриоттық өлеңдерін оқыды.

Мерекелік іс-шара қонақтары М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің аға оқытушысы Ақжол Қадылбекұлы, Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының уақытша бөлім меңгерушісі Сайрамгул Тұрсыновна Карабиева және 36803 әскери бөлімінің Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс қызметінің жетекшісі Эльмира Отаргажиевна Магзумова сөз сөйлеп, мерекелік шараның маңыздылығына тоқталып, өздерінің ізгі тілектері мен ақжарма лебіздерін білдірді.

Сонымен қатар Шақаман ауылындағы кітапхана-бөлімшесінде 6 сынып оқушыларының қатысуымен «Туған елім - Қазақстан» атты патриоттық викторина, Жоламан кентінің кітапхана-бөлімшесінде  Семей медициналық университеті 3 курс студенттерінің қатысуымен «Елдігіміздің бастауы - Республика күні» атты тақырыптық кеш, Мирный кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде №26 мектеп оқушыларының қатысуымен «Республика шежіресі» атты тарихи көрме, Шығыс кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде №12 мектептің 8 сынып оқушыларының қатысуымен «Гүлдене бер, менің Қазақстаным!» атты бейне релиз, №2 кітапхана-бөлімшесінде №35 мектептің 6 сынып оқушыларының қатысуымен «Республикам менің» атты патриоттық кеш, Цемент кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде №32 мектептің 4 сынып оқушыларының қатысуымен «Азат елдің асқақ рухы» атты әдеби-патриоттық кеш, Шүлбі кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде 6 сынып оқушыларының қатысуымен «Менің елім – мақтанышым!» атты патриоттық сабақ, №12 кітапхана-бөлімшесінде «№3 бөбекжайы» КММ-нің «Ақылтай» тобы тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Қазақстан - теңдесі жоқ байлығым» атты таным сағаты өткізілді.

Іс-шаралар оқырмандардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, еліміздің тарихы мен тәуелсіздігінің маңызын түсіндіруге бағытталды. Қатысушыларға Қазақстанның жетістіктері мен ел бірлігінің маңызы туралы мағлұмат беріліп, Отанға деген құрмет пен мақтаныш сезімін арттыруға ықпал етті.

 

 

 

Қалалық орталық кітапхана

Жарияланған күні

23 қазан 2026

Жаңарту күні

23 қазан 2026

Қызмет бағыты