Әлихан Смайылов Алматы облысының жаңа әкімін таныстырды

Әлихан Смайылов Алматы облысының жаңа әкімін таныстырды

Сенбі, 11 маусымда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматы облысының Қонаев қаласына барып, өңірдің мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты.

Әлихан Смайылов өз сөзінде Президент ұсынған жаңа реформалар аясында және өткен референдумның нәтижелері бойынша еліміздің саяси жүйесінде маңызды өзгерістер болғанын атап өтті.

Мәселен, жаңа норма қабылданып, енді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау жаңа, ашық және бәсекеге қабілетті форматта өтеді.

Әлихан Смайылов депутаттарға ҚР Президентінің Алматы облысының әкімі лауазымына Батыржан Байжұманов пен Марат Сұлтанғазиевтің кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.

Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша 188 депутаттың 129-ы Марат Сұлтанғазиевтің кандидатурасына, 59 депутат Батыржан Байжұмановқа дауыс берді.

Облыс активіне Марат Сұлтанғазиевті таныстыра отырып, Әлихан Смайылов ҚР Президенті өңір басшылығының алдына бірқатар маңызды міндеттер қойғанын, оның ішінде облыстың басқару органдарын Қонаев қаласына көшіру, одан әрі экономикалық даму және әлеуметтік проблемаларды шешу жөніндегі міндеттерді белгілеп бергенін атап өтті.

«Біздің негізгі мақсатымыз – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік жағдайын жақсарту. Ол үшін жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Облыс әкімі ірі инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға және қолданыстағы индустриялық аймақтардың әлеуетін барынша пайдалануға ерекше назар аударуы керек», — деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ Үкімет басшысы өңірдің аумақтық орналасу артықшылықтарын барынша пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуді дамыту, Алматы маңында азық-түлік белдеуін құру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов облыстың туристік кластерді дамыту әлеуеті де жоғары екенін атап өтті. Ол өңірдің экономикалық өсуінің негізгі драйверлерінің бірі бола алады.

«Халықты сапалы ауыз сумен, табиғи газбен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау, жолдар мен әлеуметтік нысандарды жаңғырту, тұрғын үй проблемаларын шешу және мектептерде үш ауысыммен оқытуды жою жөніндегі жұмысты жалғастырудың маңызы зор»,— деді Премьер-Министр. Сонымен қатар Үкімет басшысы жергілікті атқарушы органдардың жұмысы халықпен тиімді диалогқа негізделуі тиіс екенін атап өтті.

Дереккөз: primeminister.kz

Әлихан Смайылов Алматы облысының жаңа әкімін таныстырды - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы (primeminister.kz)