
2025 жылғы қараша айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 39 973 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 751 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша – 31 222 мәміле жасалды. 2025 жылғы қазанмен салыстырғанда (41 259) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 3,1% азайды. Мәмілелер саны бойынша Астана (8 861 – 22,2%) және Алматы (7 443 – 18,6%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 731 – 6,8%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 339 мәміле (0,8%).
2025 жылдың қазанымен салыстырғанда қарашада мәмілелер санының ең көп өсімі Қызылорда (+19,7%), Қостанай (+19,5%) және Жетісу (+14,2%) облыстарында байқалды. Ал бір айдағы ең көп төмендеу Маңғыстау (-17,7%), Ақмола (-15,2%) және Атырау (-12,7%) облыстарында орын алды.
Бір айдың ішінде көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелер саны 4,1% (1 320 мәмілеге) азайған. 2025 жылдың қараша айында пәтерлер бойынша барлығы 31 222 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 78,1%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (27,9%), Алматы (21,9%) қалаларына және Қарағанды облысына (7,3%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2025 жылдың қараша айында олар бойынша 11 888 мәміле ресімделген.
Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 0,4% (34 мәмілеге) өсті. Қарашада барлығы 8 751 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Қызылорда (+33,6%), Жетісу (+25,4%) және Абай (+11,3%) облыстарында байқалды. Ал бір айдағы ең көп төмендеу Маңғыстау (-12,8%) облысында, Шымкент (-12,1%) қаласында және Ұлытау (-11,3%) облысында орын алды.
2025 жылғы қарашада тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы жылғы тиісті аймен салыстырғанда 1,4% өскен, ол кезде 39 421 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Жетісу облысында (31,3%) байқалды, ең үлкен төмендеу – Ұлытау облысында (-31%). 2025 жылдың қаңтар-қараша айларындағы мәмілелер санын 2024 жылғы қаңтар-қараша айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 3,3% өсім байқалды..png)
.png)
Бір жылда (2025 жылғы қараша 2024 жылғы қарашаға) жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 15,5%, қайталама нарықта пәтерлерді қайта сату бағалары 14,3% жоғарылады. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 11,9% өсті.
Өңірлер бөлінісінде жаңа тұрғын үйдің бағасы жылдық мәнде келесі қалаларда едәуір қымбаттады: Алматы – 19,9%, Павлодар – 19,6%, Қонаев – 17,5%, Астана – 17,4%. Қайталама нарықта баға өсімі Алматы (23%), Ақтөбе (19,4%), Павлодар (17,5%) қалаларында байқаласа, тұрғын үйді жалға алу нарығында – Павлодар (36,9%), Ақтөбе (34,3%), Петропавл (25,6%), Қызылорда (19,7%), Өскемен (18,9%) және Астана қалаларында (17,7%) тіркелді.
.png)
ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктелген байқау деректері негізінде қалыптастырылады. Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпарат сату бойынша операциялар жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады, бұл ретте пәтердің бастапқы және алдын ала таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады.