ҰЛТТЫҚ КІТАП КҮНІ: МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА 70-ТЕН АСТАМ ҚҰНДЫ КІТАПТАР СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ

ҰЛТТЫҚ КІТАП КҮНІ: МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА 70-ТЕН АСТАМ ҚҰНДЫ КІТАПТАР СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ

ҰЛТТЫҚ КІТАП КҮНІ: МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА 70-ТЕН АСТАМ ҚҰНДЫ КІТАПТАР СЫЙҒА ТАРТЫЛДЫ

Бүгін, 23 сәуірде, Петропавл қаласындағы Сафуан Шаймерденов атындағы қазақ классикалық гимназиясына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің атынан 70-тен астам құнды кітап сыйға тартылды. Шара Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылды.

Бұл мереке Мемлекет басшысының бастамасымен биыл елімізде алғаш рет ресми аталып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында бұл күннің маңыздылығын айрықша атап өтті:

«Бұл – білімпаздық, ізденімпаздық, кітапқұмарлық сияқты игі қасиеттерді дәріптейтін күн. Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болады. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасады», – деген болатын Мемлекет басшысы.

Шара барысында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Басқарма мүшесі Әнуарбек Қақабаев оқушыларға министрдің құттықтауын жеткізіп, жастарды кітап оқуға үндеді. Университет өкілдері тарапынан тарту етілген әдебиеттер қатарында еліміздің тарихы мен руханиятына қатысты құнды еңбектер бар.

«Біз белгілі академик Манаш Қозыбаевтың ғылыми еңбектерін, сондай-ақ көрнекті ақын, ағартушы Мағжан Жұмабаев туралы әдебиеттерді ұсынып отырмыз. Бұл кітаптар мектеп оқушыларының білім көкжиегін кеңейтіп, ой-санасын тереңдетуге, оқу процесінде қосымша материал ретінде пайдасын тигізеді», – деді Ә.Қақабаев.

Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, рухани-мәдени құндылықтарды насихаттау және білім мен ғылымға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Ұлттық кітап күні аясында осындай игі істердің жалғасын табуы – жастар тәрбиесіндегі маңызды қадамдардың бірі.