ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде министр Саясат Нұрбектің Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың (ХҒТО) жаңа Атқарушы директоры Карина Ангелиева бастаған делегациясымен кездесуі өтті.
Кездесу барысында министр Карина Ангелиеваға министрліктің басым бағыттарын және ғылым мен жоғары білім саласындағы негізгі жетістіктерін таныстырды. Ол Қазақстанның қазіргі таңда өңірлік академиялық хаб ретінде қалыптасып келе жатқанын атап өтіп, Қытай, Италия, Германия, Оңтүстік Африка секілді елдерден шетелдік студенттердің ағыны артып келе жатқанын жеткізді.
Тараптар ХҒТО мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін, соның ішінде «Horizon Europe» сияқты ғылыми-техникалық бастамалар мен бағдарламалар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Өз кезегінде Карина Ангелиева орталықтың қазіргі қызметімен таныстырып, жаңа жобаларға және ХҒТО-ның Japan EXPO 2025 секілді халықаралық алаңдарға қатысуына ерекше назар аударды.
Кездесу қорытындысында тараптар ғылымды дамыту, технологияларды трансферлеу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту мақсатында стратегиялық әріптестікті жалғастыруға мүдделі екендерін растады.