Жаңа технологиялар және өндіріспен ынтымақтастық: университеттер «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде қандай жобалар ұсынды

Жаңа технологиялар және өндіріспен ынтымақтастық: университеттер «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде қандай жобалар ұсынды

Жаңа технологиялар және өндіріспен ынтымақтастық: университеттер «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде қандай жобалар ұсынды

Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында 11-15 ақпан аралығында Астанада EXPO көрме алаңында «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтіп жатыр.

Фестиваль болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өзара ынтымақтастық алаңына айналады.

Қалашықтағы 40 интерактивті көрмеде 200-ден астам мамандықтың қыр-сырына қанығып, экономика секторларының ерекшеліктерімен танысуға болады. Фестиваль аясында бірнеше күн бойы түрлі семинарлар, шеберлік сағаттары, инновациялық сессиялар мен жұмыс жәрмеңкелері ұйымдастырылады.

«Жұмысшы мамандықтар» қаласында Satbayev University, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің көрме нысандары, сондай-ақ «Мамандығым – Болашағым» жобасы ұсынылған.

 

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті фестивальде Қазақстандағы ең ірі автоөндіруші Hyundai Trans Kazakhstan-мен бірлесіп автомобиль бояу бойынша бірегей VR-зертханасын таныстырды. Бұл инновациялық әзірлеме – университеттің 100% өнімі. Зертхананың көмегімен студенттер университет қабырғасынан шықпай-ақ Hyundai Trans Kazakhstan бояу цехында болып, автомобиль бояуының озық технологияларымен таныса алады, сондай-ақ лакбояу материалдарды жағу бойынша практикалық дағдыларды алу мүмкіндігіне ие. Өз кезегінде, өндіріс жұмысқа жаңадан қабылданған қызметкерлерді шығын материалдарын пайдаланбай оқытады.

  

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті инженерлік технологиялар саласындағы ең жаңа жетістіктерді көрсетті. Университеттің таныстырылымында көлік саласын трансформациялау бағытындағы маңызды жобалар ерекше назарға алынды. Осы бағыттағы басты жобалардың бірі – Лу Бань шеберханасы болды. Лу Бань шеберханасы осы саладағы электрлі көліктер, көлік басқарудағы жасанды интеллект және көлік ағындарын оңтайландыру сияқты өзекті тақырыптарға негізделген.

Фестивальде таныстырылған тағы бір маңызды жоба – мобильді платформа, ол роботтардың автопилоттық жүйесімен жұмыс істеу принциптерін зерттеуге арналған. Бұл платформа көлік тасымалдау, жеткізу және басқа да арнайы міндеттер үшін қолданылуы мүмкін. Роботтың жұмыс істеу принципі бойынша ол толықтай автономды режимде қозғала алады.

 

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті студенттері мен ғалымдары көрмеде «VR виртуалды кен орны» технологиясын таныстырды. VR технологияның көмегімен студенттер виртуалды ортада түрлі кен орындарын зерттеп, теориялық білімдерін бекіте алады. Жобаның артықшылығы – қауіпсіз эксперименттік орта, виртуалды экскурсиялар, интерактивті және иммерсивті оқу процесі.

 

«Мамандығым – Болашағым» жобасы аясында жаңа кәсіптердің Өңірлік атластарын әзірлеу бойынша жұмыс нәтижелері таныстырылды. Атап өтер болсақ, қазіргі уақытта жоба 9 аймақты қамтиды және оны барлық өңірлерді толықтай қамту жыл соңына дейін жоспарланған. Сондай-ақ жоба аясында экономиканың 43 саласында 500-ден астам жаңа кәсіп анықталды.