Сәтбаев университеті О.А.Байқоңыров атындағы тау-кен металлургия институтының химиялық процестер және өнеркәсіптік экология кафедрасының постдокторанты Фейсал Усманбхай Холия – басым бағыты қалдықтарды азайту мен қоршаған ортаны қорғауға негізделген, сәйкесінше тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келетін «жасыл» химия саласы бойынша зерттеуін сәтті жалғастыруда.
Фейсал Усманбхай Холия – Үндістанның Гуджарат штатындағы Бхавнагар қаласынан шыққан болашағы зор жас ғалым. Ол CHARUSAT университетінде полимер химиясы бойынша материалтану саласында докторлық дәрежеге ие болған. Оның ғылыми бағыты полисахаридтерді (агароза және хитозан) модификациялау арқылы биомедицина, экология саласына қажетті жаңа материалдар әзірлеуге арналған.
Қазіргі таңда Фейсал Сәтбаев университетінде қант қызылшасы қалдығынан пектин және наноцеллюлоза алу үрдісін оңтайландыру бағытында зерттеу жүргізуде. Пектин мен наноцеллюлоза – тағам, фармацевтика және заманауи медицинасының терапия салаларында қолдану әлеуеті зор.
«Сәтбаев университетінің тұрақты даму мақсатына сай келетін инновация салаларын ілгерілетуге негізделген озық зерттеулерге ұмтылысы мені ерекше қызықтырды. Мен сондай-ақ ғылым саласында еңбектеніп, адамзаттың өмірін жақсартуға маңызды үлес қосу мақсатыма сай келетін университеттің пәнаралық байланыс ұстанымынан да шабыттанамын» – деп, Фейсал Холия ағынан жарылды.
Фейсалдың зерттеуіне қауымдастырылған профессор Сана Қанатбекқызы Қабдрахманова жетекшілік етеді. Ол Фейсалдың күрделі ғылыми мәселелерді шығармашылық тұрғыдан шешу машығын жоғары бағалап отыр.
Ғалымның еңбектері Q1 санатына жататын Carbohydrate Polymers және Polymer International сияқты беделді басылымдарда 10 ғылыми мақала, Elsevier және Nova Publishers баспаларында екі кітап тарауы, сонымен қатар патент ретінде жарияланған.
Сәтбаев университетінің мақсаты – ғылыми жаңалықтарды қолдауды және пәнаралық зерттеулерді қоғам игілігі үшін жүзеге асыру.