
Maqsut Narikbayev University қабырғасында «Блокчейн технологиялары, цифрлық активтер және оларды құқықтық реттеу» тақырыбында дәрістер сериясы өтті.
Шара Қазақстандық Блокчейн-технологиялар және дата-орталықтар қауымдастығымен бірлесе ұйымдастырылды.
Аналитикалық сервистердің деректеріне сүйенетін болсақ, бүгінгі таңда цифрлық активтерге ие ҚР азаматтарының саны жүз мыңнан асады. Алайда енді ғана бастап, осы тақырыпты түсінгісі келетіндер ақпарат тапшылығына және бұрмаланған деректерге тап болуы мүмкін.
Студенттердің шынайы ақпарат алуы үшін Қазақстандық блокчейн-технологиялар және дата-орталықтар қауымдастығы Maqsut Narikbayev University қабырғасында «Блокчейн технологиялар, цифрлық активтер және оларды құқықтық тұрғыдан реттеу» тақырыбында қонақ дәріс өткізді.
Іс-шараны Maqsut Narikbayev University Провосты Сергей Пен алғы сөзімен ашты.
«Сіздерге тәжірибелеріңізбен бөліскендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бұл жұмыстарыңыз мәселелерді жедел шешуге емес, саланың стратегиялық дамуына бағытталғанын түсінемін. Технологияның өзіне қатысты келетін болсақ, қазір көбі жасанды интеллекттің маңыздылығын түсінді, сондай-ақ блокчейн уақытша тренд болуын тоқтатып, жұмыстардың ажырамас құралына айналғаны байқалады. Жасанды интеллект көптеген жобалардың негізіне айналып, жастардың сұранысына ие болды. Қазақстандықтар жасанды интеллектті қолдануда көптеген жетістікке жетті. Оған сіздердің үлестеріңіз айтарлықтай екені анық», – деді университет провосты.
Шара қорытындысы бойынша университет пен қауымдастық басшылығы өзара меморандумға қол қойды. Бұл құжаттың мақсаты екі жақтық достық қарым-қатынас орнатып, ҚР-да Web 3.0 және блокчейн индустриясын дамытуда өзара көмек және қолдау көрсету.
Сондай-ақ қауымдастық тарапынан университет кітапханасына қазақ тіліне аударылған блокчейн және криптовалюта технологиясы туралы әлемдік бестселлерлер табысталды.