
Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaq AI Research University (QAIRU) университетін ресми түрде ашты. Бұл – Орталық Азияда AI-Enabled моделін жүзеге асыратын алғашқы университет.
Халықаралық форумы барысында Мемлекет басшысы адам капиталына айрықша мән берді. Президенттің пікірінше, заманауи деректер орталығы, озық технологиялар өздігінен ешқандай нәтижеге кепіл бола алмайды. Ғалымдар, инженерлер, кәсіпкерлер болмаса, технологиялық серпіліс жасау мүмкін емес.
«Біз білімді, білікті, жасампаз мамандар даярлайтын ұлттық ғылыми-инженерлік мектеп қалыптастыруымыз керек. Осы орайда, жаңадан ашылған Qazaq AI Research University-ге айрықша міндет жүктеледі. Бұл оқу орны білім берумен қатар өндіріс пен экономиканың сұранысына сай ғылыми зерттеулер жүргізуге тиіс. Осы мақсатпен жасанды интеллектіні нақты салаларда қолдануға арналған AI+X моделі қолға алынып отыр. Оның мүмкіндігін өндіріс, энергетика, медицина, қаржы, мемлекеттік басқару жүйесінде тиімді пайдалану керек. Жалпы бізге дайын өнім мен жаңа технология жасай алатын мықты, яғни нағыз білікті мамандар қажет. Осы тұста ескеретін маңызды мәселе бар. Жасанды интеллект адамның интеллектуалдық қабілетін алмастыратын құрал емес, оқу және білім алу үдерісіне көмекші тәсіл болғаны жөн. Технология қарқынды түрде дамыған сайын білім алу, сыни ойлау, шешім қабылдау және жауапкершілікті сезіну қасиеттері аса өзекті бола түседі. Бұл – ақиқат», – деді Президент.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысына Qazaq AI Research University-ді құру барысы мен университет қызметінің алғашқы нәтижелері туралы баяндады.
«2025 жылғы 1 қазанда Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында берген тапсырмаңызға сәйкес Qazaq AI Research University құрылды. 29 сәуірде университет білім беру қызметін жүзеге асыруға мемлекеттік лицензия алды. 15 мамырда оған AI+X моделі бойынша кадрлар даярлайтын эксперименттік алаң мәртебесі берілді. 18 мамырда университет Орталық Азияның білім беруді аккредиттеу қауымдастығында институционалдық аккредиттеуден өтті. 1 қыркүйектен бастап алғашқы студенттер қабылданды. Бүгінде университетте 528 студент білім алып жатыр, оның 294-і мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқиды. Профессор-оқытушылар құрамы толық жасақталды», – деді министр.
Qazaq AI Research University ректоры Сапар Токсанов Мемлекет басшысына университет қызметінің негізгі нәтижелерін таныстырды.
QAIRU-да жасанды интеллект университеттің негізгі үдерістеріне – білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына, оқытушылардың қызметіне және басқару жүйесіне енгізілген. Университетте оқу жылы 1 қыркүйекте басталды. Қазіргі уақытта мұнда 528 студент білім алып жатыр. Оның ішінде 391 бакалавриат (294-і – мемлекеттік грант негізінде) студенті, 32 магистрант және ұлттық компаниялардың 105 қызметкері MBA AI+X бағдарламасы бойынша оқиды.
Бакалавриатта «Artificial Intelligence and Machine Learning» және «Physical AI» білім беру бағдарламалары бойынша кадрлар даярланады. Магистратурада өнеркәсіптік AI-жүйелер, қауіпсіздік, ұшқышсыз жүйелер, бизнес-талдау және цифрлық құқық бағыттары бойынша бес бағдарлама іске асырылуда. Университет кампусы 3 500-ден астам білім алушыға арналған.
Университеттің цифрлық моделінің негізін оқыту, ғылыми зерттеу және басқару үдерістерін бірыңғай цифрлық ортада біріктіретін QAIRU OS платформасы құрайды. Жүйе студенттер үшін жеке білім беру траекторияларын қалыптастырады, оқытушыларға оқу үдерісін ұйымдастыруға қолдау көрсетеді, сондай-ақ зерттеушілерге ғылыми әдебиеттермен, деректермен және есептеу ресурстарымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Университетте NVIDIA H200 негізінде жеке AI-инфрақұрылымы да дамып келеді. Ол модельдер әзірлеуге, ғылыми зерттеулер жүргізуге және университеттің қорғалған цифрлық ортасында AI өнімдерін жасауға пайдаланылады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен QAIRU AI-Enabled University стандартын әзірледі. Құжат цифрлық инфрақұрылым мен деректерге, AI-жүйелердің сапасына, қауіпсіздікке, этикаға, адам бақылауына және тәуекелдерді басқаруға қойылатын талаптарды айқындайды. Қазіргі уақытта стандарт әдістемесі Oxford Insights компаниясының тәуелсіз халықаралық сараптамасынан өтуде. QAIRU стандартты жоғары білім беру жүйесінде сынақтан өткізу және кейіннен елдің басқа жоғары оқу орындарына енгізу үшін пилоттық алаң ретінде жұмыс істейді.
Университет қызметінің тағы бір маңызды бағыты – іргелі және қолданбалы зерттеулерді, робототехника мен интеллектуалды жүйелерді біріктіретін AI Research Hub дамыту. Зерттеулер, соның ішінде жасанды интеллектіні қалалық инфрақұрылымда, мемлекеттік басқаруда және қаржы секторында қолдануға бағытталған.
QAIRU жетекші шетелдік университеттермен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен халықаралық ынтымақтастықты дамытып келеді. 2027 жылдан бастап Shanghai Jiao Tong University және Tsinghua University университеттерімен бірлесіп қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу мәселесі пысықталуда. Сонымен қатар Carnegie Mellon University, Shanghai Innovation Institute, Хельсинки университеті және Tsinghua Shenzhen International Graduate School ұйымдарымен ынтымақтастық орнатылған. Гонконг ғылым және технология университеті, Stanford University және Northeastern University профессорларын оқу үдерісіне тарту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Google, Huawei және Samsung технологиялық компанияларымен бірлесіп университетте оқу бағдарламаларына интеграцияланған индустриялық сертификаттау бағдарламалары іске асырылуда. NVIDIA компаниясымен бірлесіп NVIDIA Deep Learning Institute өңірлік орталығы құрылуда.
QAIRU білім беру моделінің негізіне жасанды интеллектіні белгілі бір саланың сараптамасымен ұштастыратын AI+X қағидаты алынған. Оқыту жобалық тәсілге негізделген: студенттер алғашқы курстан бастап өздерінің AI өнімдерімен жұмыс істеп, оларды бүкіл оқу кезеңі бойы дамытады. Осылайша білім беру үдерісі ғылыми-зерттеу қызметімен және индустрияның нақты міндеттерімен тығыз байланысады.
AI+X моделі университеттің технологиялық және салалық серіктестерімен бірлескен жобаларында да жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Lenovo компаниясымен оқу үдерісін интеллектуалды талдауға арналған шешім әзірленген. Ал Skyworker компаниясымен ұшқышсыз авиация саласында мамандар даярлау және ұшқышсыз ұшу аппараттарының қозғалысын басқару жүйесін әзірлеуді қоса алғанда, кадрлық және технологиялық құзыреттерді дамыту жұмыстары жүргізіледі.
Келесі кезеңде AI+X моделін ұлттық деңгейде масштабтау көзделген. QAIRU Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарын біріктіретін AI+X консорциумының өзегі ретінде жұмыс істейді. Пилоттық жобалар аясында «AI және білім беру», «AI және машина жасау», «AI және ауыл шаруашылығы», «AI және көлік техникасы» бағыттары бейінді жоғары оқу орындары мен индустриялық серіктестермен бірлесіп іске асырылмақ.
Алдағы уақытта консорциум құрамына жоғары оқу орындарын олардың салалық мамандануына және өңірлік экономиканың қажеттіліктеріне қарай кезең-кезеңімен қосу жоспарланып отыр. Бұл AI+X бағытындағы өңірлік құзырет орталықтарының желісін қалыптастыруға және жасанды интеллект саласындағы білімді нақты салалардың терең сараптамасымен ұштастыра алатын мамандар даярлауға мүмкіндік береді.