LUPIC: Қазақстан мен Корея жастарын біріктірген студенттік бағдарлама

LUPIC: Қазақстан мен Корея жастарын біріктірген студенттік бағдарлама

LUPIC: Қазақстан мен Корея жастарын біріктірген студенттік бағдарлама

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде LUPIC студенттік бағдарламасы аясында 15–23 тамыз аралығында Корея Республикасынан келген студенттердің кезекті сапары ұйымдастырылды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстан мен Корея жастары арасындағы академиялық, кәсіби және мәдени тәжірибе алмасуды дамыту, сондай-ақ халықаралық студенттік ынтымақтастықты нығайту.

Сапар барысында кореялық білім алушылар университеттің бірқатар білім беру және инновациялық бағыттағы құрылымдарының қызметімен танысты. Атап айтқанда, қонақтар Жасанды интеллект институтында болып, өңірлік Kyzylorda Hub орталығының стартаптық жобалары мен жастардың инновациялық бастамалары туралы ақпарат алды. Бұл кездесу екі ел жастарының технологиялық даму, инновация және жасанды интеллект саласындағы тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.

Бағдарлама аясында кореялық студенттер Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушыларымен еркін форматта кездесіп, өз елдеріндегі жоғары білім беру жүйесі мен студенттік өмірдің ерекшеліктері туралы ой бөлісті. Кездесу барысында Корея университеттеріне қабылдау тәртібі, жастардың мәдени өмірі, визуалды дизайн, K-Trend, саяхат мәдениеті, қаладағы өмір салты және студенттік ұйымдардың қызметі кеңінен талқыланды.

Кездесуде кореялық студенттердің бірі Қазақстан мен Корея арасындағы академиялық байланыстың маңыздылығына тоқталып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті студенттерінің ізденісі мен жаңа технологияларға деген қызығушылығы ерекше әсер қалдырғанын атап өтті.

«Менің негізгі мамандығым – сәулет, сонымен қатар жасанды интеллект пен инженерия бағыттарын да зерттеймін. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттерімен кездесуде олардың өз ісіне деген қызығушылығы мен кәсіби ізденісі ерекше әсер қалдырды. Бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту үшін тек техникалық инфрақұрылым ғана емес, ең алдымен білікті мамандар мен ғылыми ынтымақтастық қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Корея арасындағы студенттік және академиялық тәжірибе алмасу – білім мен мәдениетті жақындастырып қана қоймай, болашақтағы ортақ ғылыми жобаларға негіз қалайтын маңызды мүмкіндік деп есептеймін», – деді Хонгмин.

Сапардың маңызды бөліктерінің бірі – Жасанды интеллект институтының 2026–2027 оқу жылына 1-курс студенттерін қабылдау және қос дипломды білім беру бағдарламасына іріктеу емтиханына қатысу болды. Кореялық студенттер іріктеу үдерісімен танысып, институттағы білім беру бағыттары мен болашақ мамандарды даярлау жүйесіне назар аударды.

Жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев институттың бүгінгі қызметі мен негізгі даму бағыттарына тоқталды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жетекшілігімен 2023 жылы құрылған Жасанды интеллект институты бүгінде өңірдегі цифрлық кадрлық әлеуетті қалыптастырудың маңызды орталығына айналып келеді. Қазіргі таңда институтта 353 студент білім алуда. Биыл 128 талапкер мемлекеттік грант иеленсе, олардың 34-і қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша іріктеуден сәтті өтті. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Біздің басты мақсатымыз – жасанды интеллектіні өңірлік және ұлттық даму міндеттерін шешуге қабілетті зияткерлік ресурсқа айналдыратын жаңа буын мамандарын қалыптастыру», – деді институт директоры.

LUPIC бағдарламасы тек академиялық тәжірибе алмасумен шектелмей, екі ел жастарының өзара мәдени байланысын нығайтуға да бағытталды. Сапар барысында кореялық студенттер Қызылорда қаласының тарихи және мәдени орындарын аралап, Сыр өңірінің бай тарихы мен рухани-мәдени мұрасымен танысты.