
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің жанындағы Король Седжон институтына Sejong Korean Language Assessment (SKA) халықаралық корей тілі емтиханын өткізу жөніндегі ресми орталық мәртебесі берілді. Бұл – Қазақстандағы алғашқы әрі әзірге жалғыз орталық.
Аталған мәртебенің берілуі еліміздің азаматтарына шетелге шықпай-ақ корей тілі бойынша халықаралық деңгейде мойындалатын сертификат алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа орталықтың ашылуы Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге және екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
Король Седжон институты қоры іріктеу қорытындысы бойынша SKA халықаралық емтиханын өткізетін небәрі бес шетелдік орталықты бекітті. Олардың қатарында Қазақстан, Индонезия, Қырғызстан, Вьетнам және Ирандағы орталықтар бар.
Бүгінде институт еліміздегі корей тілі мен мәдениетін оқытатын жетекші орталықтардың бірі саналады. Мұнда білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып, халықаралық емтихандар ұйымдастырылады, сондай-ақ қазақстандық-кореялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған мәдени-ағартушылық іс-шаралар мен жобалар іске асырылады.
SKA емтиханы шетел азаматтарының корей тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған. Оның нәтижелерін Корея Республикасының бірқатар жоғары оқу орындары шетелдік талапкерлерді қабылдау кезінде тілдік дайындықты растайтын өзге құжаттармен қатар мойындайды. Алдағы уақытта сертификаттың қолданылу аясы кеңейіп, білім беру, академиялық және кәсіби қызмет салаларын қамтитын болады.
Емтихан бірнеше кезең бойынша өткізіледі: жазбаша бөлім (тыңдалым, оқылым және жазылым) 2026 жылғы 5 қыркүйекте, ал ауызша бөлім 6, 12 қыркүйекте өтеді. Емтихан нәтижелері 2026 жылғы 4 қарашада жарияланады.
Елімізде SKA халықаралық емтиханын өткізетін алғашқы ресми орталықтың ашылуы мектеп оқушылары, студенттер, оқытушылар және корей тілін үйренушілер үшін халықаралық сертификаттауды қолжетімді етіп, жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың одан әрі дамуына серпін береді.