Экологияның жаңа серпіні: ҚазҰУ-да биоалуантүрлілікті қорғау институты ашылды

Экологияның жаңа серпіні: ҚазҰУ-да биоалуантүрлілікті қорғау институты ашылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қорғау бойынша Орталық Азия – Герман институты ашылды. Орталық Азия елдерінде экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және биологиялық алуантүрлілікті сақтау ісін ғылыми негізде дамытуды мақсат еткен институт Қазақстан мен Германия ғалымдары арасындағы экологиялық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. Мұнда зерттеушілер тәжірибе алмасып, ортақ жобаларды бірлесіп іске асырады.

Шара «Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті сақтаудың мәселелері мен болашағы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты.  

Ауқымды жиынға ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Матиас Лёхерер, Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Тиллохуджа Ибодзода, NETSCI GmbH компаниясының басқарушы директоры Маттиас Крамер қатысты. Сондай-ақ 15 мемлекеттен 100-ден астам ғалым мен жас зерттеушілер, сарапшылар жиналды.

Конференция жұмысын ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев ашып, оқу ордасы ғылым, білім және әлеуметтік бастамалар арқылы тұрақты даму мақсаттарын белсенді жүргізіп келе жатқанын атап өтті.

«Халықаралық конференция барысында отандық және шетелдік ғалымдар биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы өзекті мәселелер мен жетістіктерді талқылады. Ерекше назар Қазақстанның табиғи мұрасы –  «Сиверс» алма ағашын сақтауға, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне, экотуризм мен экологиялық білім беруді дамытуға аударылады. Бұл міндеттер Тұрақты даму мақсаттарының 13-бағыты – «Климаттың өзгеруімен күрес», 14-бағыты – «Теңіз экожүйелерін сақтау» және 15-бағыт – «Құрлық экожүйелерін сақтаумен» тікелей байланысты. Бүгін талқыланатын тақырыптар Қазақстан мен бүкіл өңірдің ғылыми қауымдастығы мен қоғамы үшін аса маңызды екеніне сенімдімін», - деді ректор.

Өз кезегінде Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Матиас Лёхерер сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды. «Бүгінде климаттың өзгеруі – ең өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда, ҚазҰУ базасында ашылған жаңа ғылыми институт қоршаған ортаны және биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған ауқымды жұмыстардың жүзеге асуына өз үлесін қосады. Бұл игі іске қазақстандық және германиялық ғалымдармен қатар Орталық Азия елдерінің зерттеушілері де атсалысатын болады», - деді Матиас Лёхерер.

Сонымен қатар жиынға қатысушы ғалым-сарапшылар баяндама жасап, биоалуантүрлілікті сақтау, климаттың өзгеруіне бейімделу бағытындағы ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Конференция жұмысы түрлі тақырыптарға арналған секцияларда жалғасты.