AI-Sana апталығы: ЕҰУ зерттеушілері AI жобаларын таныстырды

AI-Sana апталығы: ЕҰУ зерттеушілері AI жобаларын таныстырды

AI-Sana апталығы: ЕҰУ зерттеушілері AI жобаларын таныстырды

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің зерттеушілері ЕҰУ-да AI-Sana апталығы аясында өткен AI Expo көрмесінде жасанды интеллект саласындағы жобаларын ұсынды.

AI Expo-да бірқатар ерекше жобалар таныстырылды. Олардың қатарында: ерекше білім беру қажеттілігі бар адамдарға арналған «Инклюзивті гид», қазақ тіліндегі мәтінді 3D-аватар арқылы аударатын SignBridge, қоршаған ортаны зиянды заттардан қорғауға арналған жасанды иіс сезу жүйесі (E-nose), дауыстың жалғандығын анықтайтын интеллектуалды жүйе, студенттер мен оқытушыларға арналған цифрлық көмекші E-Curator чат-боты, сондай-ақ онлайн оқытуды дамытуға бағытталған лектор-аватар бар.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдыков, ЕҰУ цифрландыру проректоры Гүлмира Бекманова, IT саласының мамандары, оқытушылар және астаналық университет студенттері қатысты.

ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова AI-Sana бағдарламасының іске асырылуы туралы айтты.

«AI-Sana бағдарламасы аясында шамамен 100 мың студент жоғары технологиялық жобаларға тартылды. Бұл бағдарлама еліміздің 95 университетінде жасанды интеллект пәндерін енгізуге және оқытушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған. Жақын арада Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Ертеңгі кезең жасанды интеллект дәуірі болады. Егер белсенді жұмыс істесек, халықаралық рейтингтерде көшбасшы боламыз», – деді вице-министр сөзінде.

«Бұл шара тек жаңа идеялар мен технологиялардың көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ университеттерінің үлкен қадамының символы. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында үш жыл ішінде елді цифрлық мемлекетке айналдыруды тапсырды. ЕҰУ ғалымдары мен студенттерінің бүгінгі көрмеде ұсынылған еңбектері білім, медицина, экология, қала инфрақұрылымы және цифрлық қызметтер салаларын қамтиды. Мұндай көрмелерді дәстүрлі түрде өткізіп, оларды пікір алмасу мен жаңа AI өнімдерін жасау алаңы ретінде қолдануды ұсынамын», – деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Инклюзивті гид жайлы ЕҰУ цифрлық даму департаментінің бағдарламалық қамтамасыз ету маманы Айбол Тілеухан таныстырды. Жоба көру қабілеті бұзылған адамдарға ғимарат ішінде қауіпсіз бағдарлануға көмектесуге арналған.

«Ғимараттарда әдетте GPS жүйесі жұмыс істемейді, сондықтан құрылғыға объектінің картасы жүктеледі. Құрылғыда орнатылған лазер мен камера QR кодтары арқылы маршрутты жоспарлайды. Пайдаланушының дауыстық командасын қабылдап, арнайы құлаққапқа кері байланыс береді, кедергілер туралы ескертеді. Қазақстанда баламасы жоқ бұл құрылғы 5 сағат бойы автономды жұмыс істей алады, сонымен қатар оның интернетсіз жұмыс істеуі, компактылығы мен қолжетімді бағасы ерекшелігі болып табылады», – деді Айбол Тілеухан.

Көрмеде бірқатар AI жобалар таныстырылды. E-Curator чат-боты студенттер мен оқытушыларға оқу, құжаттар, жатақхана және әлеуметтік қолдау бойынша сұрақтарға тәулік бойы жедел жауап береді. Қызметтің басты артықшылығы – 24/7 қолжетімділік: студент кез келген уақытта сұрақ қойып, кезексіз және күтусіз жауап ала алады. Чат-бот типтік сұрақтарға автоматты түрде жауап береді, қызметкерлердің жүктемесін азайтады және ақпарат алуды барынша жылдам әрі ыңғайлы етеді.

Көрмеде заманауи AI жобалары көпшілік назарына ұсынылды. E-Curator чат-боты студенттер мен оқытушыларға оқу, жатақхана, құжат рәсімдеу, әлеуметтік қолдау сияқты мәселелер бойынша жедел әрі тәулік бойы қолжетімді көмек көрсетеді. Жүйе қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істеп, қызметкерлердің жүктемесін азайтады.

SignBridge жобасы мәтінді қазақ жесттік тіліне 3D-аватар арқылы аударады. Жобада жесттерді тану және компьютерлік көру технологиялары қолданылып, есту қабілеті төмен адамдардың ақпаратқа қолжетімділігін арттырады.

AI аватар жүйесі мәтін негізінде автоматты түрде видео-лекциялар жасап, аватар арқылы эмоция, мимика және қимылдарды синтездейді. Бұл онлайн оқыту сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Дауыстың жалғандығын анықтау жүйесі синтетикалық сөйлеуді (TTS, VC) тануға бағытталған. Ол телефон алаяқтықтарының, аудиожазбаларды жалған жасаудың алдын алып, сот сараптамасында және киберқауіпсіздікте қолданылуы мүмкін. Жүйе онлайн-анықтау, аудиофайлдарды талдау және спектрлік карта түрінде визуализациялау мүмкіндіктеріне ие.

Сонымен қатар «KOMEK» атты жаңа веб-негіздегі оқыту және тестілеу бағдарламасы таныстырылды. Ол алғаш рет қазақ тілінде қолжетімді болып, білімдегі олқылықтарды анықтап, жасанды интеллект арқылы оларды толықтыруға бағытталған. Бағдарлама икемді параметрлерге ие болып, пайдаланушыларға ыңғайлы талдамалық есептер ұсынады.

Іс-шара аясында AI сторителлинг байқауына қатысқан ЕҰУ студенттері грамоталармен марапатталды.