Бүгін, 1 тамыз күні, Халықаралық туризм және меймандостық университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов ғылым және жоғары білім саласын дамыту мәселелері бойынша Түркістан облысы тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында еліміздегі жоғары білім мен ғылымның жаңа басымдықтары, министрліктің атқарып жатқан жұмыстары және өңірдің ғылыми-білім беру әлеуеті туралы сөз қозғалды. Нақтырақ айтқанда, ҚР жоғары білім және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына ерекше назар аударылды, сондай-ақ жоғары білім беру, жасанды интеллект және цифрлық білім, AI-SANA жобасы, инфрақұрылым мен жастарды қолдау, ғылыми жобаларды қаржыландыру және өзге де өзекті мәселелер ортаға салынды.
«Түркістан – рухани әрі ғылыми-экономикалық даму орталығы. Өңір дамуының маңызды қадамы туризм саласына мамандар даярлайтын университеттің ашылуы болды. Сонымен қатар Түркістанда Оңтүстік Кореяның Вусонг университетінің филиалы ашылды, бұл өңірдің халықаралық білім беру ынтымақтастығы үшін қызығушылығының артып келе жатқандығын көрсетеді. Аймақта жастар ғылымын қолдау, студенттер үшін қолайлы жағдай жасау, жаңа жатақханалар салу және оқу процесін цифрландыру бойынша бірқатар бағдарламалар іске асырылып келеді», – деді Талғат Ешенқұлов.
Жиында Түркістан облысының ардагерлері, зиялы қауым, ғалымдар, түрлі сала қызметкерлері, белсенді жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бұл кездесу – халықпен тікелей диалог орнату мен жоғары білім саласын дамытуға бағытталған нақты қадамдардың бірі болды.
Айта кетейік, кездесу барысындағы белсенді сұхбаттасудан бөлек, вице-министр азаматтарға жеке қабылдау жүргізіп, тұрғындардың жеке өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.