Сәтбаев университетінде Равиль Мұхамедиев жетекшілік ететін ғалымдар тобы «Agroscope» дрондары мен спутниктерін қолдана отырып, ауыл шаруашылық жерлеріне біріктірілген инновациялық бақылау жүргізетін жүйе құруды бастаған. Жаңа технология фермерлерге өнімнің көлемін болжауға, тыңайтқыштар мен гербицидтерді үнемдеуге және тұтастай алғанда дәлме-дәл егіншілікке көшу арқылы агротехнологиялардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Әзірлеушілер атап өткендей, спутниктердің жоғары ажыратымдылық қабілетіне қарамастан, олар бұлттар арқылы «көруге» қабілетсіз немесе әр өсімдікті жеке-жеке «көре» алмайды. Сондай-ақ дрондар бүкіл егіс алқабын толық қамти алмаса да, егістіктің жай-күйі туралы егжей-тегжейлі мәліметтер алуға, жеке өсімдіктердің күйін бағалауға қабілетті. Осы екі ақпарат көзін біріктіру арқылы нақты уақыт режимінде ауыл шаруашылығы жерлерінің жағдайын бақылауға ғана емес, сонымен қатар егістіктің белгілі бір жерінде туындаған мәселеге жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді.
«Алдымен спутник бізге егістіктің жалпы суретін көрсетеді – NDVI вегетациялық индексінің көмегімен жасанды интеллект егіс даласында қай жерде қиындық туындауы мүмкін екенін бағалайды», – дейді жоба жетекшісі Равиль Мұхамедиев. – Содан кейін жүйе сол жерге дрондарды жіберуді жоспарлайды, дрондар сол жерге жеткеннен кейін жағдайды анықтап, қандай қиындық бар екенін егжей-тегжейлі көрсетеді – өсімдіктің ауруын, ылғалдың жеткіліксіздігін, зиянкестердің әрекеті немесе егістің сапасыздығы. Осылайша мәселені анықтап қана қоймай, оған не істеу керектігін де дәл түсінуге болады».
Жүйе, әсіресе, дәл егіншіліктің технологияларын енгізу үшін ерекше құнды, оның көмегімен тыңайтқыштар мен химикаттар дұрыс орындарда, дұрыс мөлшерде қатаң түрде қолданылады. Бұл кірісті арттырып қана қоймай, сонымен қатар шығындарды да айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Алдын ала болжам бойынша, орта шаруашылық қожайындары осылайша тек тыңайтқыштардан ғана жылына 30 миллион теңгеге дейін үнемдей алады. Ал кейбір жағдайларда өнім көлемі 25-50%-ға дейін артады.
Жүйені іске қосудың алғашқы пилоттық кезеңі 2025 жылғы вегетациялық мерзімге жоспарланып отыр. Сынақ «Өсімдік шаруашылығындағы агротехникалық шараларға мониторинг құралдары мен жасанды интеллект әдістері негізінде қолдау көрсету жүйесі» (Agroscope) ғылыми жобасы аясында Қаскелең маңындағы Өсімдік және егіншілік шаруашылығы институтының егістік алқаптарында, сондай-ақ Өскемен мен еліміздің солтүстік өңірлерінде өтеді. Бұл технологияға кейбір агрохолдингтер қазірдің өзінде үлкен қызығушылық танытып отыр.
«Дәлме-дәл егіншіліктің болашағы зор екеніне сенімдіміз. Технологиялар «егістікте жай жүріп өтуге» ғана емес, әрбір өсімдікті көзбе-көз көруге де мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз аз шығындалып, көп өнім жинай білуді және ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуын білдіреді», – деп атап өтті Равиль Ильгизович.
«Agroscope» әзірлемесі климаттың өзгеруі мен ауыл шаруашылығы экономикасының тұрақсыз дамуы жағдайында Қазақстан фермерлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл жүйе тек ірі холдингтерге ғана емес, сонымен қатар шағын және шалғайдағы орта шаруа қожалықтарына да бағытталған – болашақта бұл технологияға қол жеткізу үшін, қымбат жабдықты сатып алмай-ақ, оны жалға беру форматын дамыту жоспарланған.