Онлайн қабылдау
Бұл бөлімде сұрақтарыңызды талқылау және мәселелерді шешу үшін сізге жедел байланысуға мүмкіндік беретін ақпарат пен сервистер жинақталған












103
Жедел жәрдем104
Газ қызметі102
Полиция101
Өрт қызметі109
Бірыңғай коммуналдық диспетчер қызметі103
Жедел жәрдем104
Газ қызметі102
Полиция101
Өрт қызметі109
Бірыңғай коммуналдық диспетчер қызметі103
Жедел жәрдем104
Газ қызметі102
Полиция
Ерке Ертістің жағасында...
Жалпы ақпарат
Павлодар қаласы – Қазақстан Республикасының аттас облысының әкімшілік орталығы. Ертіс өзенінің жағасында орналасқан, бұл – еліміздегі ең ұзын өзен. Қаланың климаты – қоңыржай, күрт континенттік. Әкімшілік орталықтың аумағы – 633 шаршы шақырым, ал 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тұрғындар – 370,4 мың адам. Қала аумағына Кенжекөл ауылдық округі, Атамекен кенті, Павлодарское, Мойылды, Жетекші ауылдары кіреді.
Жергілікті атқарушы орган – әкім басқаратын Павлодар қаласының әкімдігі, оны қызметке жергілікті өкілді орган – Павлодар қалалық мәслихатының келісімімен облыс әкімі тағайындайды.
Тарих
Павлодар – бай тарихи өткені бар көпэносты қала. Қазіргі Павлодар қаласы орналасқан жерде ежелгі Имақия қаласы болған деген болжам бар. Бұл қала Қимақ қағанаты дәуірінде билеушінің жазғы резиденциясы ретінде қызмет еткен. Қимақ кезеңінен бөлек, зерттеушілер Қазақ хандығы дәуіріне тиесілі артефактілерді де зерттеп келеді. Солардың бірі – Сұлтанбет сұлтанның ордасы. Ол қазіргі қаланың оңтүстік бөлігінде, көпірге жақын жерде орналасқан. Бұл резиденцияның нақты орны туралы мәліметтерді тарихшылар мен өлкетанушылар экспедициялар барысында жинады. Орда табылғаннан кейін зерттеушілер оны археологиялық материалдар мен мұрағаттық деректер негізінде қайта қалпына келтірді. Айта кету керек, Сұлтанбет сұлтан – Қазақ хандығының ірі ру бірлестіктерінің басшысы, 1781 жылғы құрылтайда таққа үміткер болған, дипломат әрі батыр.
1720 жылы бұл жерде форпост құрылған, 1838 жылы ол станицаға айналды. 1861 жылғы сәуірде станица Павлодар деген атаумен штаттан тыс қала мәртебесін алды. 1868 жылы уездік қала, ал 1938 жылы Павлодар облысының орталығы болып айқындалады.
Ресми символика
Павлодар қаласының ресми рәмізі – Павлодар қалалық мәслихатының 2015 жылғы 22 қазандағы «Павлодар қаласының елтаңба эскизін келісу туралы» шешімімен бекітілген елтаңба. Ол мемлекеттік рәміздердің түс гаммасында шеңберлі пішінде жасалған. Ортасында «Павлодар» деген жазу орналасқан, оны Ертіс өзенінің бейнелі толқындары қоршап тұр. Елтаңбаның жоғарғы бөлігінде – киіз үйдің негізгі элементтерінің бірі «Шаңырақ», одан күн сәулелері тарап, индустриялық қаланың бейнесін нұрландырып тұр. Бұл – дамуды және қуатты білдіреді. Елтаңбаның төменгі жағында шеңбер тәрізді тісті элемент бейнеленген, бұл қаланың өндірістік сипатын көрсетеді. Жан-жағы қазақтың ұлттық өрнектерімен көмкерілген, бұл дәстүр мен мәдениеттің сабақтастығын білдіреді.
Қаланың танымалдығын және туристік тартымдылығын арттыру, ресми және қалалық іс-шараларда, қала кеңістігінде, сувенирлік өнімдерде, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде бірыңғай стильді сақтау мақсатында 2024 жылы Павлодар қаласының әкімдігі «Ерке Ертістің жағасында...» атты жаңа фирмалық стиль әзірледі. Ол логотип пен дескриптордан тұрады.
Экономика
Павлодар – елдің жетекші өнеркәсіптік өңірлерінің бірі. Табиғи ресурстары мол, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымы дамыған, ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары, банк саласы, шағын және орта бизнесі қарқынды дамыған, білікті мамандар жеткілікті, заманауи көлік және коммуникациялық желілері жақсы қалыптасқан. Орталық Азия мен Сібір арасындағы байланыстырушы рөлі шетелдік кәсіпкерлер мен инвесторлардың қызығушылығын арттыруда.
Павлодарда 8 жүйе құраушы кәсіпорын жұмыс істейді: «Қазақстан Алюминийі» АҚ, «Қазақстан Электролиз зауыты» АҚ, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «ПавлодарЭнерго» АҚ, «Қазэнергокабель» АҚ, «Каустик» АҚ, «KSP Steel» ЖШС Павлодар филиалы, «Кастинг» ЖШС Павлодар филиалы. Сондай-ақ болат пен жіксіз құбырлар өндіретін экспортқа бағытталған металлургиялық зауыттар, мұнай өңдеу, кокс өндіру, электрлік және оптикалық құрал-жабдықтар шығаратын, қайта өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары жұмыс істейді.
Қалада инвестициялық жобаларды дамыту мақсатында солтүстік бөлігінде толық инфрақұрылымы бар «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы құрылған.
Туризм
Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – өңірдің табиғи көрікті жерлерінің бірі, Павлодар қаласына жақын орналасқан. Қала мен парк арасында тікелей тұрақты қатынас орнатылғандықтан, саяхатшылар мен демалушылар үшін бұл аймаққа жету жеңіл әрі ыңғайлы. Таулы ландшафттар, таза көлдер мен аңызға толы орындар «Баянауылды» экологиялық және белсенді туризмнің тартымды орталығына айналдырады.
Ертіс өзенінің жайылмасы – ерекше көркем табиғи аймақ. Мұнда өзен тармақтары, көлдер, тоғайлар мен шалғынды кеңістіктер табиғи үндестікпен өрілген. Бұл аймақта сирек кездесетін жануарлар мен құстар мекендейді. «Ертіс өзенінің жайылымы» мемлекеттік табиғи қорықша мәртебесіне ие және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тізіміне енгізілген.
Қаланың туристік әлеуетін 1913 жылы ашылған Мойылды санаторийі таныстырады. Бұл санаторий – бірегей шипалық қасиеттері бар Мойылды көлінің маңында орналасқан. Бұл қасиеттері оны жергілікті халық пен жақын өңірлерде әйгілі етті.
Сондай-ақ, 1928 жылы ашылған, неоген дәуіріндегі жануарлардың ең ірі қорымы – «Қаз қонақ» палеонтологиялық табиғи ескерткіші ерекше назар аударады. 2019 жылы бұл жерде ашық аспан астындағы музей ашылып, осы маңда миллиондаған жылдар бұрын өмір сүрген жануарлардың көлемді мүсіндері орнатылды.
Павлодар қаласының басты мақтанышы – Ертіс өзенінің жағалауындағы ұзындығы 6 шақырым болатын жағалау. Жағалау табиғи жер бедерін сақтай отырып, террасалық принциппен салынған. Бұл жерден Ертіс пен оның жайылмасының көркем көрінісі ашылады.
Жаз мезгілінде қала тұрғындары мен қонақтары ұнататын демалыс орны – орталық жағалауда апта сайын «Ertis promenade» атты open-air фестивалі өтеді. Орталық жағалаудың төменгі бөлігінде арнайы сахна орнатылып, онда мәдени-көпшілік шаралар, отандық және шетелдік жұлдыздардың концерттері өткізіледі.
Қаланың тарихи бөлігінде XIX–XX ғасырлардағы сәулет және тарих ескерткіштері сақталған. Олардың қатарында: 1899 жылы салынған Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, 1897 жылғы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайы, 1905 жылы салынған «Ақмешіт» мешіті және басқа да нысандар бар.
Қаланың қазіргі сәулет келбетіне Машһүр Жүсіп атындағы мешіт пен Благовещенский кафедралды шіркеуі ерекше сән береді. Сондай-ақ, «Қазпошта» АҚ ғимаратының мұнаралық сағаты да Павлодардың танымал символдарының бірі.
Мәдениет және спорт
Павлодардың мәдени өмірі де бай әрі сан алуан. Қалада 7 мәдениет сарайы мен үйі, 2 драма театры, 13 кітапхана, 9 мұражай бар. Солардың ішіндегі Ертіс-Баян өңірінің маржаны – Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайы және Қазақстандағы баламасы жоқ Н.Шафердің жеке коллекциясы негізінде құрылған Шафер атындағы грампластинкалар үй-мұражайы. Онда 25 мың музыкалық пластинка жиналған. 2019 жылы Павлодарда елімізде баламасы жоқ «Ertis» мультимедиялық жаратылыстану мұражайы ашылды. Онда келушілер Ертіс-Баян өңірінің табиғатымен таныса алады.
Облыстағы жалғыз Иса Байзақов атындағы филармония Павлодарда орналасқан. Оның құрамында Р.Омаров атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, симфониялық оркестр, джаз оркестрі, камералық хор және басқа да шығармашылық ұжымдар бар.
Павлодар – спорттық жетістіктерімен де танымал. Қалада 4 стадион, 12 бассейн, оның ішінде облыстағы жалғыз 50 метрлік «ErtisOlympic» олимпиадалық бассейні, 142 спорт залы, 3 шаңғы базасы бар. Павлодарлықтар республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіске жеткен спортшыларымен мақтанады. Қаланың мақтанышы – бес дүркін Қазақстан чемпионы «ERTIS» футбол командасы.
Халықаралық қатыныстар
Павлодар халықаралық ынтымақтастықты дамытып, шетелдік серіктестерімен мәдени, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды нығайтып келеді. Бүгінде қаланың 5 шетелдік қала – Қайсери (Түркия), Быдгощ (Польша), Омбы (Ресей), Новосібір (Ресей), Бургас (Болгария) қалаларымен бауырластық қатынастары бар. Бұл өзара тәжірибе алмасуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, инвестиция тартуға және қаланың имиджін ілгерілетуге ықпал етеді.
Құрмет
Облыс орталығының тұрғындары бай мәдени мұрасы, сан алуандығы және танымал жерлестерімен мақтанады. 1896 жылдан бастап бүгінге дейін қалаға сіңірген ерекше еңбектері үшін 142 адамға «Павлодар қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Өзінің бүкіл тарихында Ерке Ертістің жағасындағы қала қызықты да мазмұнды жолдан өтіп, бүгінде еліміздің көне әрі көрікті қалаларының бірі ғана емес, Қазақстанның индустриялық астанасы ретінде танылып, серпінді дамуын жалғастырып келеді.

8 (7182) 32-31-34
kense.ap@pavlodar.gov.kz
Бұл бөлімде сұрақтарыңызды талқылау және мәселелерді шешу үшін сізге жедел байланысуға мүмкіндік беретін ақпарат пен сервистер жинақталған




