Нұр-Сұлтанда сенбілік: 5,4 млн шаршы метрден астам алаңда тазалау жұмыстары жүргізілді

Нұр-Сұлтанда сенбілік: 5,4 млн шаршы метрден астам алаңда тазалау жұмыстары жүргізілді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram-дағы парақшасында елордада "Бірге – таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында өткізілген сенбіліктердің қорытындылары туралы айтты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

"Елордада "Бірге – таза Қазақстан" экологиялық акциясы жалғасуда. 16 және 23 сәуірде қаланың барлық аудандарында өткен жалпықалалық сенбіліктер кезінде жалпы ауданы 5,4 млн шаршы метрден астам алаң тазартылды. 4 мыңнан астам көшет (қарағай, қайың, емен, жөке, үйеңкі және т.б.) отырғызылды.

Полигонға 1 мың 860 тоннадан астам қалдық жиналып, шығарылды. Қаланы тазалауға 123 мыңға жуық адам, 7 600-ден астам кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелер қатысты.

Сенбілікке тұрғындардың отбасымен шыққаны қуантады. Мұндай экологиялық акциялар қаламызды бірлесіп күтуге, оны көгалдандыруға ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақты еңбекке баулуға мүмкіндік береді.

"Бірге – таза Қазақстан" экологиялық акциясына Мемлекет басшысы, ҚР Парламенті палаталарының төрағалары, премьер-министр, АП басшысы, Үкімет мүшелері, дипкорпус, еңбек ұжымдары, МИБ (ПИК) ұжымдары, біздің еріктілер, белсенді қала тұрғындары және т. б. қатысты.

Баршаңызға белсенді қатысқаныңыз үшін алғысымды білдіремін! Біздің қала одан да жасыл және таза болады!"- деп жазды елорда әкімі.