«Геологияны цифрландыру» жобасын жүзеге асыру аясында бұрғылау қондырғылары мен дала лагерлерінде Starlink терминалдары орнатылды.
Жоғары жылдамдықтағы байланыс арнасы геологиялық және геофизикалық үлкен деректерді нақты уақытта беру мүмкіндігін қамтамасыз етті. Сонымен қатар, ол бұрғылау параметрлері мен техниканың жай-күйін бақылауға арналған IoT-сенсорларды интеграциялауға, учаскеге шықпай-ақ персоналға қолдау көрсетуге, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін арттыруға тиімді жағдай жасамақ.
Қосымша алаңнан бейнеағын Жезқазған қаласындағы Геологиялық кластердің Диспетчерлік орталығына жіберілуде.
Kazakhmys Barlau бұрғылау қондырғыларының инфрақұрылымына спутниктік терминалдарды интеграциялау, геологиялық барлауды цифрландыру жолындағы стратегиялық қадам. Ол өз кезегінде ақпараттық ағындарды үздіксіз қамтамасыз етіп, басқару тиімділігін арттырады, сондай-ақ, жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдауды енгізуге платформа қалыптастырмақ.
Бүгінгі таңда Kazakhmys Barlau компаниясының барлық бұрғылау қондырғылары орналасқан жері мен жанармай деңгейін бақылау жүйелерімен жабдықталған. Бұл шешім шығындарды оңтайландыру арқылы өзінің экономикалық тиімділігін көрсетті.
ҚР Цифрлық даму, инновациалар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink келісімі аясында спутник интернеті елімізде 2025 жылғы 13 тамыздан бастап ресми түрде жұмыс істейді.
Анықтама:
Starlink компаниясының ресми деректеріне сәйкес, Kazakhmys Barlau өндірістік учаскелерде Starlink спутниктік терминалдарын енгізген әлемдегі бесінші геологиялық барлау компаниясы. Бұған дейін бұл технология АҚШ, Австралия, Канада және Африкадағы (америкалық компания) ұйымдарда қолданылған.
Компания қызметтерді ҚР қолданыстағы заңнамасына, соның ішінде ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы талаптарға толық сәйкес түрде қолдануда.