Құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған жобалар аясында биыл 1500 жұмыс орнын ашу жоспарланған

Құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған жобалар аясында биыл 1500 жұмыс орнын ашу жоспарланған

Биыл Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған жалпы құны 25,6 миллиард теңге болатын 11 жоба іске қосылып, аталған жобалар аясында 562 тұрақты жұмыс орны құрылды.

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мәліметінше, елімізде минералды жылу оқшаулағыштар, жабын плиталары, черепица, асфальтбетон және қаптама кірпіш сияқты құрылыс материалдарының өндірісі жолға қойылған.

Жыл соңына дейін құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған 32 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл жобалар аясында шамамен 62 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылуы тиіс. Атап айтқанда, керамикалық плитка, сэндвич-панельдер, ПВХ өнімдері, алюминий фасадтары, витраждар, терезе мен есік конструкциялары, керамзит, минералды жылу оқшаулағыштар және өзге де өнім түрлерін өндіру жобалары жүзеге асырылатын болады.

Биылғы жылғы жобалар жоспарланған өндірістік қуатқа шыққан жағдайда, өндіріс көлемі шамамен 22,9 миллиард теңгені құрап, ішкі құрылыс нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, 2026–2028 жылдары іске қосылады деп күтілетін тағы 58 жоба жүзеге асыру сатысында тұр. Жалпы құны 414 миллиард теңгеден асатын бұл жобалар 6,7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, оның ішінде шамамен 3 мыңы ауылдық жерлерде орналасатын болады.

Жалпы сомасы 531,1 миллиард теңгеге бағаланған 51 жоба пысықтау сатысында. Бұл жобалар аясында 7,3 мыңнан астам жұмыс орны құрылуы күтіледі.

Құрылыс материалдары өндірісі саласында жалпы құны шамамен 1 триллион теңгені құрайтын 141 жоба бар. Аталған бастамалар аясында 15,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделуде, оның ішінде 7 мыңы ауылдық жерлерде құрылмақ.

Барлық жобалар жоспарланған өндірістік қуатқа шыққан жағдайда, құрылыс материалдары өндірісінің жалпы көлемі шамамен 871,6 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 148,2 миллиард теңгенің өнімі экспортқа шығарылып, 723,4 миллиард теңгенің өнімі импортты алмастыратын болады.

Іске асырылып жатқан жобалардың басым бөлігі Астана және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы мен Қызылорда облыстарында шоғырланған.