Қонаев гарнизонында гуманитарлық минадан тазарту курсы өтті

Қонаев гарнизонында гуманитарлық минадан тазарту  курсы өтті

Минадан тазарту орталығында Қарулы күштердің он төрт әскери қызметшісіне оқ-дәрілер мен жарылғыш құрылғыларды залалсыздандыру және жою курсы ұйымдастырылды. 

Іс-шаралар әскери қызметшілерді Голан жоталарында бітімгерлік миссияны орындауға даярлау шеңберінде өтті, бітімгерлер онда жарылмаған снарядтардан, жарылыс қаупі бар заттар мен миналардан болатын қатерлерді жою, жергілікті халыққа көмек көрсету міндеттерін орындауы тиіс.   

– Сабақтарда әскери қызметшілер әртүрлі жарылғыш заттардың жіктелуін, құрамы мен сипаттамаларын, оларды есепке алу және қолдану тәртібін үйренді. Жару жұмыстарын жүргізу және жарылу қаупі бар заттарды тасымалдау кезінде қауіпсіздік шараларын оқытуға жіті назар аударылды, – деді Қонаев гарнизоны Минадан тазарту орталығының бастығы полковник Самат Мұханов. 

Практикалық жаттығулар кезінде «Жағалау» оқу-жаттығу полигонындағы арнайы жабдықталған жару алаңында әскери қызметшілер зарядтарды жаруды ату және тоқ қуаты арқылы жеке-жеке іске асырды.

Гуманитарлық минадан тазарту курсы аяқталғаннан кейін әскери қызметшілерге біліктілікті арттырғаны туралы куәліктер табыс етілді.