Логотип
Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Құжаттар
Министрлік туралы
Онлайн қабылдау
Қызметі
Басқарма туралы
Онлайн қабылдау
Баспасөз орталығы
Все материалы
21 февраля 2026
Голан жоталарындағы қазақстандық бітімгерлер мінсіз қызметі үшін БҰҰ медальдарымен марапатталды

 Бітімгерлік миссияның қолбасшысы генерал-майор Анита Асма Қазақстанның әскери қызметшілеріне бітімгерлік миссияға қатысқаны үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының медальдарын табыс етті.
  Қазақстандық дербес бітімгерлік контингент Фауар базасында қызмет атқарып, Сирия Араб Республикасында орналасқан Голан жоталарында атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді БҰҰ-ның ажыратуды қадағалау күштері құрамында орындап келеді. БҰҰ медалімен миссияда қызмет атқарып жатқан барлық 139 әскери қызметші марапатталды.
  Қазақстандық әскери қызметшілер Ұйым базаларын күзету мен қорғанысын күшейтуді қамтамасыз етіп, жергілікті тұрғындармен өзара іс-қимыл жасайды және жауапкершілік аймағында тұрақтылықты сақтауға бағытталған түрлі міндеттерді орындайды.
  — Контингенттің жеке құрамы жоғары кәсіби дайындықты, үйлесімділік пен жедел әрекет ету қабілетін көрсетіп келеді. БҰҰ медалі — әрбір әскери қызметшінің батылдығы, тәртібі мен өз ісіне адалдығының, сондай-ақ миссия аймағында бейбітшілікті сақтау ісіне қосқан үлесінің мойындалуы, — деді бітімгерлік ротаның командирі подполковник Жанибек Нурланов.
  2025 жылғы сәуірден бері контингент әскери қызметшілері 55 тапсырманы орындап, 1200-ден астам жарылғыш зат пен 43 қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны жойды. Жалпы, қазақстандық бітімгерлік контингенттің екінші құрамы миссия басталғалы бері 675 тапсырманы орындады.
  Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Голан жоталарында алғашқы дербес бітімгерлік контингентін 2024 жылғы наурызда орналастырған болатын.

20 февраля 2026
Қорғаныс министрі Парламент депутаттарына Алматыда Sarbaz+ жобасын таныстырды

Қазақстан Республикасы қорғаныс ведомствосының басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен Парламент депутаттары Алматы гарнизонына сапары барысында 78460 әскери бөлімінің базасында іске қосылған Sarbaz+ инновациялық жобасымен танысты.

Sarbaz+ жобасы мерзімді әскери қызметті жаңғыртуға, армияның беделін арттыруға және сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағытталған. Қонақтарға бейнеаналитика жүйесі, Rtel радиобайланыс мамандарын, ұшқышсыз басқарылатын Ashik Aspan құрылғыларының операторларын және Eltex технологиялық жүйелерін даярлаудың оқу сыныптары көрсетілді.

Сонымен қатар, мерзімді қызметтегі сарбаздар әртүрлі білім беру бағдарламалары мен курстарына қатысады. TechOrda бағдарламасы бойынша Astana Hub-пен ынтымақтастық ақпараттық қауіпсіздік талдауын, деректерді қорғауды және ҰҰА басқару үшін жасанды интеллект технологияларын үйренуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа QLANG онлайн-платформасында ағылшын тілі курсы өткізіледі.

Қорғаныс ведомствосының басшысы мен бөлімге барған қонақтарға жоба инфрақұрылымының элементтері: Workout спорт алаңдары, стритболға арналған аймақтар, тренажер залы, қоян-қолтық ұрыс клубы және электронды тир көрсетілді. Оған қоса цифрлық сервистер – Ай-сұлу телеграм-боты және ARMIA.KZ ақпараттық платформасы таныстырылды.

– Sarbaz+ технологияны, инфрақұрылымды дамытып, адам күшін саналы жұмсауға бағытталған. Біз қызметтің заман талабына сай және әскери қызметшілердің кәсіби өсуі үшін мүмкіндіктер жасаймыз, – деп атап өтті Дәурен Қосанов.

Жобаны Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев оң бағалады. Оның айтуынша, Sarbaz+ армияны модернизациялауға жүйелі көзқарастың мысалы болып табылады және адами капиталды дамытудың стратегиялық міндеттеріне жауап береді.

–  Бүгін мерзімді қызмет тек тәртіп пен патриотизм мектебіне ғана емес, заман талабына сай құзыреттері бар алаңға айналғанын көріп отырмыз. Sarbaz+ жобасы бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастырып, жастардың Қарулы күштерге деген сенімін арттырады, – деп атап өтті сенатор.

Sarbaz+ жобасы жастар мен жалпы қоғам үшін тартымды армияның заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталған. Оның көмегімен мерзімді қызметтің әскери қызметшілерін оқыту және тәрбиелеу әдістерін жаңғырту жүзеге асырылады. Жобаға қатысу арқылы сарбаздар запасқа шығарылғаннан кейін талап етілетін дағдыларды және жұмысқа сәтті орналасу біліктілігіне ие бола алады. Ұйымдастырушылар бұл жоба сәтті іске асса, Қарулы күштердің барлық әскери бөлімдерінде жаңа бастамаға жол ашатынына сенімді.

Бүгінгі таңда жобаның пайдалы болатыны жайлы мынадай мысалдар келтіруге болады: myarmy.kz порталы арқылы 268 өтінім беріліп, 90 сарбаз іріктелген. Бұл бір орынға 3 адам таласты деген сөз. Демек, алдағы уақытта жастардың жобаға деген қызығушылығы артатыны сөзсіз.

20 февраля 2026
Алматы гарнизонының әскери қызметшілері майдангер Солтанбай Жарықбасовты 101 жасқа келген туған күнімен құттықтады

Алға ауылында тұратын Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Солтанбай Жарықбасов туған күнінде Еңбекшіқазақ ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әскери қызметшілері мен жергілікті әкімдік өкілдерімен кездесті.

Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хат пен естелік сыйлықтар тапсырған Еңбекшіқазақ ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы майор Болат Смайылов майдангерге зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тіледі.

– Ардагерді жеке құттықтау біз үшін үлкен мәртебе. Мұндай кездесулер өте маңызды. Көзі тірі тарихтан тағылым алып, ұрпақтар сабақтастығын сезіндік, – деп атап өтті ол.

Солтанбай Жарықбасов 1925 жылы 17 ақпанда Еңбекшіқазақ ауданы Алға ауылында дүниеге келген. 1943 жылы қызыл әскер қатарына шақырылды. Ташкентте мергендер даярлайтын курсты бітіріп, пулемет бөлімінің командирі ретінде Байкал майданының 25-ші Қызыл ту механикаландырылған бригадасына жіберілді.

Ғасыр жасаған қарияның естеліктерін тыңдасақ, әкесі де, екі ағасы да соғысқан. Солтанбай Жарықбасов 1950 жылы ғана елге оралды. Педагогикалық білім алып, туған жерінде мұғалім болып жұмыс істейді де, кейін мектепті басқарды.

Жұбайымен 60 жылдан аса бірге ғұмыр кешіп, сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Қария 78 немере-шөбере және төрт шөпшек сүйді.

Отан алдындағы қызметі үшін Солтанбай Жарықбасов I дәрежелі Отан соғысы және «Құрмет» ордендерімен, «Жапонияны жеңгені үшін» және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Ардагер Еңбекшіқазақ ауданы мен Бәйтерек ауылдық округінің құрметті азаматы.

Қонақтарды жылы қарсы алған майдангер көрсетілген ықылас-ілтипатқа ризашылығын білдіріп, құттықтап келгендерге қол жайып ақ батасын берді.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету
20 февраля 2026
Хабарлама

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Ашық НҚА» порталында «Арнаулы мемлекеттік органның қызметкерін, әскери қызметшіні, сондай-ақ құқық қорғау органының және азаматтық қорғау органының тұрғын үй төлемдерін алуға жататын лауазымды атқаратын қызметкерін тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидаларын (бұдан әрі – жоба) бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасы жарияланды.

НҚА жобасы төменде көрсетілген сілтеме бойынша қолжетімді:

https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15740858

20 февраля 2026
Ұлытау облысында өткен Қорғаныс министрлігінің акциясы 3 мың болашақ әскерге шақырылушыны қамтыды

Ұлытау облысында «Біртұтас ел – біртұтас жер» әскери-патриоттық акциясы өтті. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы 3 мыңнан астам адамның, оның ішінде мектеп оқушылары мен әскерге шақыру жасындағы студенттердің қатысуымен кездесулер мен тақырыптық іс-шаралар өткізді.

Өңірдегі әскери ұжымдарға конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жұмысы және жалпыхалықтық ерік білдірудің маңызы туралы түсіндірілді.

Жергілікті атқарушы органдар басшылығы 2030 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасын іске асыру және «Жас сарбаз» сыныптарын ашу мәселелерін талқылады.

Жезқазған және Сәтбаев қалаларында қорғаныс ведомствосының офицерлері оқу орындары мен қосымша білім беру мекемелерінде ерлік сабақтарын өткізді. Әскери білім және ғылым департаментінің өкілдері әскери оқу орындарына түсу тәртібін, әскерге шақыру шарттарын және борышын өтеген қазақстандықтарға арналған қолданыстағы әлеуметтік кепілдіктерді түсіндірді.

– Бүгін жастардың әскери қызметке қызығушылығын байқап отырмыз. Біздің міндетіміз – оларға армия мүмкіндіктері туралы объективті ақпарат беру, – деп атап өтті полковник Дәулет Бейсеков.

Жезқазғандағы Серәлі Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында іс-шарға қатысушылар мен алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушыларын марапаттау рәсімі өтті.

Сәтбаев қаласындағы Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Қарағанды гарнизонының 44803 әскери бөлімінде мерзімді қызмет өткеріп жүрген қатардағы жауынгер Сенім Шахмановтың бейнеүндеуі көрсетілді.

– Қызмет мінезді шыңдап, жауапкершілікке үйретеді. Мен дұрыс таңдау жасағаныма сенімдімін, – деді үндеуінде Сенім Шахманов.

Кездесулерге ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің әртістері жиналғандарды өнерімен сүйсінтіп, тамаша көңіл-күй сыйлады. Әсіресе патриоттық және әскери тақырыптағы орындалған шығармалар әскери бөлімдердің әскери қызметшілері мен өңір тұрғындарын жігерлендірді.

19 февраля 2026
Ауқымды тексеруге Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бес мың әскери қызметшісі қатысты

Алматы облысында Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасымен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің штабтары мен бөлімшелерінің үйлесімді іс-қимылын кешенді тексеру аяқталды. Десантшылардың күрделі жағдайда, бейтаныс жерде және шартты қарсыластың тылында тапсырмаларды орындаудағы қабілетіне барынша назар аударылды.
Әскерлердің практикалық іс-қимылына бақылауды Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров жүргізді.
Дабылмен көтерілген Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелері қысқа мерзімде межелі аудандар мен полигондарға әскери техникамен жорыққа шықты. Ол жерге басқару пункттерін шұғыл орнатып, жеке құрам оқу-жауынгерлік міндеттерді ұрысқа барынша жақын жағдайда орындауға кірісті.
Тексерудің негізгі эпизодтарының бірі қала ішінде заңсыз қаруланған құраманы жою болды. Құраманың бір бөлігі шартты қарсыластың тыл жағына армия авиациясының тікұшақтарымен жіберілді. Бұл тосыннан әрекет етуге және маневр элементтерін жасауға мүмкіндік берді.
Әуе қорғанысы күштерінің экипаждары десанттық-шабуылдау бөлімшелеріне сенімді авиациялық қорған болып, әуеде де, жерде де атыспен қолдады. Авиация өзара іс-қимыл жасай отырып, әскери қызметшілер елдімекенде қарсыласты орағытып өту, торуылдау және жою бойынша тактикалық іс-қимылдарды пысықтады. Артынша басып алған шептерге шоғырланып, маңызды объектілерді тазартты.
Кешенді тексеру қарқынды түрде өтіп, жауынгерлік даярлықтың, атап айтқанда жедел әрекет ету мен әскерлерді басқарудан бастап түраралық өзара іс-қимыл мен қару-жарақты іс жүзінде қолдануға дейінгі барлық негізгі элементтерді қамтыды.
Іс-шараларға 5 мыңнан аса әскери қызметші және 200-ден астам қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды. Тексеріс қорытындысы бойынша жан-жақты талдау жасалып, Қорғаныс министрі басқару органдары жұмысының тиімділігіне және Десанттық-шабуылдау әскерлері жеке құрамының жауынгерлік машығына нақты баға береді.

16 февраля 2026
Кенеттен тексеріс: Десанттық-шабуылдау әскерлері дабылмен көтерілді

Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік әзірлігі қауырт тексеріліп жатыр. Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен ұйымдастырылған бұл шара құрамалар мен әскери бөлімдерге жүктелген міндеттерді орындау қабілетін бағалауға бағытталған.

  Кең ауқымды инспекция осы жылдың 19 ақпанына дейін жалғаспақшы. Тексеру аясында полигондарда оқу-жауынгерлік тапсырмалар кешенін орындау да көзделген. Бөлімшелер жауынгерлік даярлықтың межелі деңгейіне келтіріліп, белгіленген  аудандарға жіберіледі.

Тексеру барысында негізгі жауапкершілік Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысына жүктеледі. Ол бөлімшелердің белгіленген аудандарда уақытында шұғыл орналасуын және дайындық кезеңінде де, жауынгерлік оқу-жаттығу іс-қимылдары барысында да үздіксіз басқарылуын қамтамасыз етуі тиіс.

Жеке құрам үш күн бойы роталық тактикалық топпен өткізілетін тактикалық жаттығу аясында практикалық іс-қимылды пысықтайды. Жаттығу жоспарына қарай бөлімшелер елдімекендерді заңсыз қаруланған шартты топтардан тазарту міндеттерін орындайды. Одан бөлек жауынгерлік техниканың жарағы мен атыс қаруынан оқ ату жүргізіледі.

Әскери қызметшілер сондай-ақ, жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндерінен де сынақ тапсырады. Әсіресе дене даярлығы, штаттық қарудан атыс жүргізу дағдылары, тактикалық медицина, байланыс құралдарымен жұмыс және өзге де бейіндік пәндер бойынша даярлық деңгейі жіті назарға алынатын болады.

Қорғаныс министрі жеке құрамның жан-жақты даярлығын қамтамасыз ету, жарғы қағидаларын қатаң сақтау және қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану кезінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз орындау қажеттігін атап өтті.

Тексеру соңында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға дайындығы кешенді түрде бағаланады.

16 февраля 2026
Астанада Нұрғиса Тілендиев атындағы «Жас сарбаз» студиясының есептік концерті өтті

Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Нұрғиса Тілендиев атындағы «Жас сарбаз» балалар шығармашылық студиясының «Рухы биік ұрпақ – тәуелсіз ел!» атты есептік концерті өтті.

Аталмыш іс-шара Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери қызметшілерін, ардагерлерін және тәрбиеленушілердің ата-аналарын бір арнада біріктіріп, жас буынға әскери-патриоттық тәрбие берудегі маңызды оқиғаға айналды.

Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов құттықтау сөз сөйлеп, «Жас сарбаз» студиясының көркемдік жетекшісі лейтенант Альмира Асылбековаға «Ел қорғаны» ведомстволық медалін табыс етті.

– Бүгін біз тарихқа, мәдениетке және Отан қорғаушы қызметіне құрметпен қарайтын ұрпақ өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Мұндай жобалар ел болашағының рухани тірегін қалыптастырады, – деді Арман Әсенов.

Концерттік бағдарламада «Сарыарқа», «Адай» халық күйлері орындалып, хореографиялық және вокалдық нөмірлер көрсетілді. «Туған жер» композициясы көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Концертте соңғы шырқалған «Біздің ұран – өркендеу» әнінде қатысушылардың бәрі сахна төріне шығып, көрермен қошемет көрсетті.

Альмира Асылбекованың айтуынша, бүгінде «Жас сарбаз» студиясына 5 пен 14 жас аралығындағы 200-дің үстінде әскери қызметшінің балалары қатысады. Сабақтар тегін өтеді.

–  Біздің мақсатымыз – балалардың талантын ашу, өзіне деген сенімділік пен Отан алдындағы жауапкершілікке тәрбиелеу, – деп атап өтті ол.

Студия тәрбиеленушілеріне балетмейстер Ержан Құдайбергенов, вокалдан педагог Гүлмира Сейітова, домбырадан педагог Бауыржан Жолдыбеков, ал «Шешендік өнер» курсынан Бақытжан Тәжинов сабақ береді. Іс-шара барысында аталған тәлімгерлерге Қорғаныс министрінің атынан алғыс хаттар табысталды.

2025 жылы студия тәрбиеленушілері «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты. Жиынның ашылу салтанатына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан болатын. Одан өзге балалар өңірлік және халықаралық байқауларда бірнеше рет жеңімпаз атанды.

Есеп беру концерті Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымдарының қолдауымен және тәрбиеленушілердің ата-аналарының қатысуымен ұйымдастырылды.

Демалыс күндері мерзімді қызмет сарбаздарына арналған осындай концерттер Алматы, Абай, Сарыөзек және Гвардейск гарнизондарында да өтті. Мұндай іс-шаралар әскери қызметшілердің басын қосып, ынтымаққа, бір-бірін қолдауға ықпал етеді.

Бағдарламалардың негізгі мақсаты жеке құрамның моральдық рухын көтеріп, жауынгерлердің бойында Отанды сүю, әскери борышқа адал болу және өткен тарихымызға құрметпен қарау сезімдерін қалыптастырады.

14 февраля 2026
Қорғаныс министрлігінің «Жұлдызды жігіттері» Jaidarman TOP жоғары лигасына жолдама алды

Астанада Қазақстан Жайдарман одағы 22-ші маусымының ресми ашылуы «Маусымашар-2026» республикалық фестивалі өтті.
«Кино маусымы» деп аталған дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық команда қатысты. Оның ішінде Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлім офицерлерінен құралған команда мен әскери оқу орындарының курсанттары да бар.
Әскери командалар сахнаға ерекше дайындықпен шықты. Былтыр «Қазақстан CUP» лигасында үздік үштіктен көрінген «Жұлдызды жігіттер» құрама командасы командир мен жеке құрам арасындағы байланысты сахнада шебер бейнелесе, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының «Жұлдызды курсанттары» мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының «Байланыс жігіттері» оқу орны қабырғасындағы қызықты сәттерін әзілмен ұштастыра білді. 
– 2010 жылдары Жайдарман сахнасында әскери командалар жиірек өнер көрсететін. Тіпті, «Сарбаздар кубогы» деген жарыс та өткен. Соңғы екі жылда жауынгерлерден құралған жайдарманшылар қайта жанданып келе жатқаны қуантады. Әскери өмірді, Отан қорғауды насихаттау арқылы ел қорғайтын жастарды тәрбиелеу – барлығымыздың ортақ міндетіміз, – деді «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен.
Өнер мен әзілге шебер жауынгерлер әскери өмірдің қатаң тәртібін сахнада әзілмен әрлеп, музыкалық нөмірлер арқылы көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Қызыққа толы сайыстың қорытындысында «Жұлдызды жігіттер» Jaidarman TOP жоғары лигасына жолдама алды. Ал курсанттарымыз «Қазақстан CUP» лигасында өнер көрсететін болады.

Жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін ұстау
13 февраля 2026
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі «әскерден босату» қызметтерінің заңсыз екенін ескертеді және әскерге шақыру тәртібін түсіндіреді

Әлеуметтік желілерде «әскерден қалдыру» немесе «ақ билет» алып беру бойынша қызмет көрсету жарнамасы таратылып жатыр. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек шақыру комиссиясы тарапынан қабылданатын түсіндіреді.

Әскерге шақыру мәселелері бойынша заңгерлік кеңес беру – заңды қызмет. Алайда медициналық құжаттарды қолдан жасау, жалған диагноздарды рәсімдеу және әскери қызметтен жалтарудың өзге де заңсыз тәсілдері делдалдар үшін де, шақырылушылардың өздері үшін де қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Ведомство азаматтарды күмәнді схемаларға қатыспауға және жергілікті әскери басқару органдары (әскери комиссариаттар) немесе медициналық комиссиялар арқылы «мәселені шешіп беруге» кепілдік береміз деп, азаматтарды жаңылыстыратын «әскери комиссариаттардың көмекшілерінің» айла-шарғыларына алданбауға шақырады.

Әскери қызметті өткеру – әр азаматтың конституциялық борышы. Мерзімді қызмет жастарға білім беру жеңілдіктері мен гранттар алу, кәсіби дағдыларды меңгеру, дене дайындығын нығайту секілді нақты мүмкіндіктер береді. Бұл – тәртіптің, жауапкершілік пен ерліктің мектебі.

Сонымен қатар, мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде және қызметтен босатылғаннан кейін екі ай ішінде әскери қызметшілер үшін кредиттік демалыс (несиелік каникул) тетігі қолданылады. Белгіленген мерзімді толық өтеген азаматтарға білім беру жеңілдіктері ұсынылады. Соның ішінде оларға студенттік жатақханадан орын алуға да басым құқық беріледі. Сондай-ақ жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай-ақ білім беру грантын алу мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі таңда еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алуға арналған сертификаттар мерзімді әскери қызмет өткерген 9 мыңнан астам қазақстандыққа берілді.

Азаматтарды мерзімді қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Оны ұйымдастыруға жергілікті атқарушы органдар жауапты, ал шақырылушылардың тізімін қалыптастыру және шақыру қағаздарын табыстауды жергілікті әскери басқару органдары қамтамасыз етеді.

Азаматтар шақыру комиссиясының шақыру қағазы бойынша жергілікті әскери басқару органдарына келуге міндетті. Оны жеке табыстау мүмкін болмаған жағдайда азаматтардың келуін ішкі істер органдары қамтамасыз етеді.

Медициналық тексеруді жергілікті денсаулық сақтау органдарының мамандары өткізеді. Олар азаматтың әскери қызметке жарамдылық санатын анықтайды. Заңды негіздер болған жағдайда мерзімді әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан босату мүмкіндігі беріледі, ал басқа жағдайларда азаматтар мерзімді әскери қызметке жіберіледі.

18-ден 27 жасқа дейінгі, кейінге қалдыру немесе босату құқығы жоқ ер азаматтар әскерге шақырылады. Шақыру жылына екі рет – наурыздан маусымға дейін және қыркүйектен желтоқсанға дейін жүргізіледі.

Қорғаныс министрлігі азаматтарды өз құқықтарын жүзеге асыру үшін тек заңды тетіктерді пайдалануға шақырады.

Социальные сети
Instagram
Twitter
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты