Айдарбек Сапаров CITIC Construction компаниясымен астықты терең өңдеу жобасын талқылады

Айдарбек Сапаров CITIC Construction компаниясымен астықты терең өңдеу жобасын талқылады

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қытайдың CITIC Construction Co., Ltd компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Янь Цзяньцзянмен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан аумағында астықты терең өңдеу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру перспективаларын талқылады.

Бірінші кезеңде крахмал негізіндегі қант өндіру жоспарланып отыр. Жобаның инвестиция көлемі шамамен 1,1 млрд АҚШ долларын құрайды, ал болашақ кәсіпорынның қуаты жылына 700 мың тонна астықты өңдеуге жетеді.

«Біз инвестициялық жобаларды табысты жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасап, толық қолдау көрсетуге дайынбыз», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров. Ол сондай-ақ инвесторларға өндірістерді салу және жаңғырту үшін 50%-ға дейінгі инвестициялық субсидиялар мен салықтық жеңілдіктер секілді мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылғанын айтты.

Өз кезегінде Янь Цзяньцзян аграрлық саладағы қазақстан-қытай ынтымақтастығының жоғары әлеуетін атап өтті:

«Қазақстанда өндірістерді орналастыру үшін барлық қажетті жағдай бар — шикізат, инфрақұрылым. Біз арнайы экономикалық аймақтар мен бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделіміз. Сонымен қатар, қытайлық әріптестер мал шаруашылығы саласындағы жобаларға да қызығушылық танытып отыр», — деді ол.

Кездесу қорытындысы бойынша жобаларды егжей-тегжейлі пысықтау және нарықтық жағдайды талдау мақсатында бірлескен жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.