Өңірге жасаған жұмыс сапары аясында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Алель Агро» АҚ-ның ет өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобасының іске асу барысымен танысты.
Жоба құс өсіруден бастап, құрамажем өндірісі мен етті терең өңдеуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды. Мұндай тәсіл өндіріс тиімділігін арттырып, барлық кезеңдегі процестердің ашықтығы мен сапасын бақылауды қамтамасыз етеді.
Кәсіпорын толық қуатына шыққанда жылына 75 мың тоннаға дейін құс етін өндіретін болады. Оның 60%-ы ішкі нарыққа, 40%-ы экспортқа бағытталады.
Қазіргі уақытта сағатына 20 тонна өнім шығаратын құрамажем зауыты, жылына 10 мың тонна өнім өндіретін құс фермалары және сағатына 1 500 бас құсты өңдей алатын ет өңдеу цехының іске қосылуы аяқталуға жақын. Негізгі өндірістік кешенді іске қосу 2025 жылдың қыркүйегіне жоспарланған.
Жобаның жалпы құны — 15,6 млрд теңге.
Айдарбек Сапаров «Алель Агро» АҚ тәжірибесі құс шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы интеграцияланған үлгіні тиімді енгізудің жарқын мысалы екенін атап өтті:
«Министрлік импортты алмастыру, экспорттық әлеуетті арттыру және ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына бағытталған осындай бастамаларды алдағы уақытта да қолдай береді», — деді министр.