Қазақстанда Alhusaini Group қатысуымен асыл тұқымды құс репродукторы іске қосылады

Қазақстанда Alhusaini Group қатысуымен асыл тұқымды құс репродукторы іске қосылады

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Alhusaini Group компаниялар тобының өкілі Абделрахим Мохаммад Аль-Хуссейнимен кездесу өткізді. Келіссөз барысында Қазақстан аумағында асыл тұқымды құс репродукторын салу бойынша инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері талқыланды.

«Сіздер ұсынған жоба еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін аса маңызды. Біз оны іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Айдарбек Сапаров.

Өз кезегінде инвестор жылына 100 млн инкубациялық жұмыртқа өндіретін жоғары технологиялық кәсіпорын құру жоспары туралы айтты. Жобаның қазақстандық серіктесі – құс етін өндіретін вертикалды интеграцияланған холдинг «Aitas KZ» АҚ болады.

Жалпы инвестиция көлемі – 85 миллион АҚШ доллары. Жобаны іске асыру 2025 жылы басталып, кезең-кезеңімен 2029 жылға дейін жалғасады.

Өнімнің негізгі өткізу нарығы – Қазақстан. Сонымен қатар өндірістің 30%-ы экспортқа бағытталады.

Айта кетейік, Alhusaini Group – құс етін өндіруге маманданған Al Jazeera Agricultural Company мен Al Sidra компанияларының иесі.

Аталған жобаның Қазақстанда іске асырылуы – отандық құс шаруашылығын дамыту мен саланың экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.