Қостанай облысында италиялық прусқа қарсы 249,3 мың гектар өңделді

Қостанай облысында италиялық прусқа қарсы 249,3 мың гектар өңделді

Қостанай облысында италиялық прусқа қарсы 249,3 мың гектар жер өңделді. Бұл - жоспарланған өңдеу алаңының 64%-н құрайды. Айта кетейік, өңірге препараттардың барлық қажетті көлемі алдын ала жеткізіліп, химиялық өңдеу қызметтерін жеткізушілер анықталды. Қазіргі уақытта мониторинг және қорғау іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы дақылдары алқаптарының зақымдануы тіркелген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысының аумағында 422,9 мың га алаңда үйірлі шегірткелердің, оның ішінде 387,4 мың га италиялық прус және 35,5 мың га азиялық шегіртке таралады деп болжанған болатын.

Жалпы Қазақстан бойынша үйірлі шегіртке зиянкестерімен күресуге республикалық бюджеттен пестицидтерді, оларды сақтау, тасымалдау және қолдану жөніндегі қызметтерді сатып алуға 3,8 млрд теңге бөлінді.

Барлық облыстарда жұмысты үйлестіру үшін әкім орынбасарлары бастаған жедел штабтар құрылды. Биылғы үйірлі зиянкестерге қарсы жұмыстарды уақтылы және сапалы жүргізу үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.

Сонымен қатар, шекара маңындағы алқаптарда шегірткелердің жағдайы үнемі қадағаланып отырады. Фитосанитарлық жағдай туралы ақпарат өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге сәйкес, Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылығы министрліктерімен алмасылып отырады.