
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) ұйымдастырған халықаралық кезщесуде пестицидтердің адам денсаулығына әсері және химиялық улануларға ден қоюдың ұлттық жүйелерін нығайту мәселелері талқыланды.
Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Венгрия, Швейцария және Өзбекстан өкілдері қатысты.
Олар пестицидтерді қолданумен байланысты тәуекелдерді азайтудың заманауи тәсілдерін талқылап, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен токсикологиялық көмекті дамыту тәжірибесімен алмасты.
Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Иргибаев Орталық Азия елдеріндегі алғашқылардың бірі саналатын токсикоақпараттық орталықты құру және дамыту тәжірибесін таныстырды.
Аталған орталық Шымкент және Қарағанды қалаларында химиялық уланулар кезінде халыққа көмек көрсететін осындай бөлімшелердің ашылуына серпін берді. Орталықтардың жұмысы халықаралық TOXBASE ақпараттық базасын пайдалану арқылы жүзеге асырылады, бұл жедел әрі сапалы токсикологиялық кеңес беруді қамтамасыз етуге жол ашады.
Қазақстанның осы іс-шараға қатысуы елдің халық денсаулығын қорғау, химиялық қауіпсіздік жүйесін дамыту және тұрақты ауыл шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ынталылығын растайды.