
Эстония Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Силламяэ және Мууга теңіз порттарының басшылығымен кездесті.
Тараптар транзиттік тасымалдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және қазақстандық агроөнімдерді Балтық елдері арқылы экспорттау көлемін ұлғайту перспективаларын талқылады.
Астық жөнелтушілерді мемлекеттік қолдау шаралары қазақстандық агроөнімнің әлемдік нарықтарға жеткізілу көлемінің артуына ықпал етті. 2024–2025 маркетингтік жыл ішінде Балтық порттары арқылы 672 мың тонна қазақстандық астық экспортталды. Соның ішінде шамамен 116 мың тоннасы Силламяэ порты арқылы өтіп, Солтүстік Африка елдеріне жөнелтілді. Атап айтқанда, ұлттық астық операторы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰҚ» АҚ қазір де Эстония порттары арқылы Алжир сатып алушыларына астық жіберуді жалғастыруда.
Ақмола облысының аграрлары өткен маусымда Muuga Grain Terminal арқылы Еуропа елдеріне (Италия мен Бельгияға) бидай экспорттады.
Айдарбек Сапаров Балтық порттары тұрақты экспорттық бағыттарды қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті:
«Біз Эстониямен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және сіздердің елдеріңізді қазақстандық өнімді логистика, сақтау және жөнелту саласындағы стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Осы уақытқа дейін қолға алынған тасымалдар Эстония порттарының инфрақұрылымдық дайындығын көрсетіп, ынтымақтастықты кеңейту әлеуетінің зор екенін дәлелдеді», – деді министр.
Сондай-ақ ол Қазақстан Балтық порттары арқылы астық пен майлы дақылдар экспортының көлемін арттыруға мүдделі екеніне тоқталды.
Биыл қазақстандық аграрлар 27 млн тонна рекордтық астық жинады, оның ішінде 20,3 млн тоннасы бидайға тиесілі. Эстония порттарына қолжетімділікті кеңейту экспорттық бағыттарды әртараптандыруға, сондай-ақ қазақстандық агроөнімнің Еуропа және Солтүстік Африка нарықтарына шығуына қосымша мүмкіндіктер ашады.
Кездесу нәтижесінде Эстония порттары мен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰҚ» АҚ және «Кедентранссервис» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мәселесі талқыланды. Құжаттар серіктестердің көлік дәлізін бірлесіп дамыту, логистикалық процестерді оңтайландыру және қазақстандық өнімді шетел нарықтарына тұрақты және бәсекеге қабілетті жеткізілімді қамтамасыз етуге деген ынтасын бекітеді