
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы өңіраралық ынтымақтастығының XXI форумы аясында «Агроөнеркәсіптік кешен - азық-түлік қауіпсіздігі үшін кадрлар мен технологиялар» тақырыбында панельдік сессия өтті.
«Бұл панельдік сессия агроөнеркәсіптік кешендегі кадр даярлау мәселелерін талқылауға, тәжірибе алмасуға және жаңа шешімдер іздеуге арналған маңызды алаң. Қазақстанда биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Біздің ортақ міндетіміз - еңбек беделін арттыру және ауыл шаруашылығында сұранысқа ие білікті мамандарды даярлау үшін жағдай жасау», – деді сессияны ашқан ҚР АШМ «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» Басқарма төрағасы Бауыржан Асанов.
Талқылау барысында кадрлық әлеуетті дамыту, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру мәселелеріне назар аударылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, біздің елімізде жұмысшы мамандықтары бойынша жыл сайынғы кадр қажеттілігі шамамен 5 мың адамды құрайды, оның бір бөлігі аграрлық колледждер түлектері есебінен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі ауыл шаруашылығы агрономиялық және зоотехникалық біліммен қатар цифрлық технологияларды, автоматтандыру жүйелерін, GPS-навигацияны және инновациялық биотехнологияларды меңгерген мамандарды талап етеді.
Сессияда мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан мен Ресейдің білім беру ұйымдарының басшылары баяндама жасады.
Қатысушылар агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуының негізгі факторы - кадрлық қамтамасыз ету екенін, ал саланың болашағы инновациялар мен заманауи технологияларды енгізе алатын білікті мамандарға тікелей байланысты екенін атап өтті.
Жеке блок ретінде жастарды ауылдық жерлерге тарту мәселелері талқыланды. Жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту, баспанамен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау көрсету.
«Бүгінде ауылда еңбектің жаңа моделі «ақылды ауыл шаруашылығы» қалыптасып жатыр, онда инженерлік, аграрлық және IT-құзыреттер біріктіріледі. Аграрлық секторды әрі қарай дамыту және ауылдағы өмір сапасын жақсарту тек ынталы әрі технологиялық тұрғыдан дайын кадрлар арқасында жүзеге асады», – деді Бауыржан Асанов.
Тараптар аграрлық саладағы кадр даярлау, тәжірибе алмасу және бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыру бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екендерін білдірді.