Солтүстік Қазақстан облысында орақ науқанына дайындық жүріп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында орақ науқанына дайындық жүріп жатыр

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі бірлесіп баспасөз турын ұйымдастырды. Оның аясында БАҚ өкілдері өңірдің алдыңғы қатарлы агроқұрылымдарына барып, қолданылып жатқан технологиялармен, егіс алқаптарының құрылымымен, өнімділікті арттыру шараларымен және диқандардың еңбек жағдайымен танысты.

Негізгі нысандардың бірі – «Ақселеу» ЖШС болды. 2025 жылы кәсіпорынның егіс алқабы 15 мың гектардан асты. Оның ішінде дәнді дақылдар – 12 726 га, майлы дақылдар – 4 263 га, бұршақ дақылдары – 2 627 га, мал азығына – 1 334 га. Шаруашылық өндірісті әртараптандырумен айналысады: дәнді дақылдар үлесі – 46%, бұршақ дақылдары – 17%, майлы дақылдар – 28%, мал азығына дақылдар – 9%.

«Біз жыл сайын бидай мен зығырдың сорттарын жаңартып, заманауи агротехнологиялар мен техника паркін жаңарту есебінен еңбек өнімділігін арттырамыз. Биыл инвестиция көлемі 570 млн теңгеден асты», – деді «Ақселеу» ЖШС директоры Серік Малаев.

Кәсіпорынға 370 тонна минералды тыңайтқыш енгізілген, жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай толық көлемде берілген. Техника, тыңайтқыш және өсімдіктерді қорғау құралдарына берілетін субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау шығындарды азайтуға және шаруашылықтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға көмектесуде.

Пресс-турдың екінші нысаны – «Астық-Stem» ЖШС. 2025 жылы кәсіпорынның егіс алқабы 14 549 гектарды құрады. Оның ішінде 8 389 га – дәнді дақылдар, 2 205 га – майлы дақылдар, 196 га – бұршақ дақылдары, 1 393 га – мал азығына дақылдар және 254 га – көкөністер (оның ішінде 248 га – картоп).

«Біз дәнді дақылдар алқабын 33,8%-ға ұлғайттық. 107 тонна элиталық бидай тұқымын сатып алып, сорт ауыстыру деңгейін 70%-ға жеткіздік. Биыл лизингтік бағдарламалар аясында 15 комбайн, соның ішінде картоп жинайтын техникалар сатып алдық. Соның нәтижесінде техника паркін 18%-дан астамға жаңарттық», – деді директор Сергей Звольский.

Шаруашылықта 398 тонна минералды тыңайтқыш енгізілген. 771 гектар аумақта суару технологиялары енгізілуде: оның ішінде 633,7 гектары – тамшылатып, 137,4 гектары – жаңбырлатып суару.

Жалпы, 2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысында егін жинау аумағы 4,3 млн гектарды құрайды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 55,5 мың гектарға көп. Егіс құрылымында: дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 3 млн га, майлы дақылдар – 978,8 мың га, мал азығына дақылдар – 392 мың га, картоп – 8,6 мың га және көкөністер – 1,4 мың га.

Қолайлы ауа райы және агротехникалық іс-шараларды уақытылы жүргізу егістіктің жақсы күйде болуына ықпал етті. 4 млн гектар аумақта арамшөптерге химиялық қарсы өңдеу жүргізілді, 1,8 млн гектар – зиянкестерге қарсы, 1,7 млн гектар – ауруларға қарсы өңделді.

Өңірде 329 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді, бұл гектарына орташа есеппен 76 кг-ға дейін. Мемлекеттік қолдау аясында облыстың диқандарына 75,6 млрд теңге бөлінді. Оның 36,8 млрд теңгесі – өсімдік шаруашылығына, 10,4 млрд теңгесі – мал шаруашылығына бағытталды.

Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 38,3 млрд теңгеден асатын қаржыға 1 395-ке жуық техника сатып алды.
Өңірде жаппай орақ науқанын тамыз айының үшінші онкүндігінде бастау жоспарланып отыр.