ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Қазақстаннан союға арналған ірі қара және ұсақ малды экспорттауға қатысты ветеринариялық сертификаттардың нысандары Ирак Республикасының ветеринариялық қызметімен келісіліп, бекітілгенін хабарлайды.
Құжаттар екі елдің ветеринариялық қызметтері арасындағы екіжақты келіссөздер аясында қол қойылды. Бұл келісімдер қазақстандық өндірушілер үшін жаңа экспорттық бағыт ашып, ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілімі географиясын кеңейтті және Таяу Шығыс өңірімен сыртқы экономикалық ынтымақтастықты нығайтты.
Ветеринариялық талаптардың келісіліп, бекітілуі Қазақстанның ветеринариялық бақылау жүйесіне деген жоғары сенімді білдіреді және отандық мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттырудағы маңызды қадам болып табылады. Ирак қазақстандық өнім үшін жаңа нарыққа айналды, бұл АӨК саласындағы сыртқы сауданың оң динамикасын көрсетеді.
Комитет қазақстандық экспорттаушылардың сұрауларына сәйкес басқа елдермен ветеринариялық-санитариялық талаптарды келісу жұмысын жалғастыруда және бизнестің шетелдік нарықтарға шығуына жан-жақты қолдау көрсетеді.