Айдарбек Сапаров Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы шегірткеге қарсы іс-шараларды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды

Айдарбек Сапаров Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы шегірткеге қарсы іс-шараларды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды

Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен Қызылорда және Ақтөбе облыстары аумағында шегірткеге қарсы күрес шараларын жүргізу мәселелері бойынша кеңес өтті.

Кеңеске Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты, сондай-ақ бейнебайланыс режимінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің өкілдері, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров және екі облыстың аудан әкімдері қосылды.

«Аймақтағы жағдаймен таныстым. Қолайсыз ауа райына қарамастан, өңдеу жұмыстары жалғасуда. Шегірткелер бар, бірақ егістік алқаптарында емес. Жұмысты күшейтіңдер, авиация санын арттырыңдар. Егер ауа райы мүмкіндік бермесе – жерүсті техникасын көбірек тартыңдар», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

АӨК-дегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сәкен Қаныбековтің айтуынша, Қызылорда облысында өңдеуге жоспарланған жалпы аумақ 60,024 мың гектарды құрайды. 27 мамырдағы жағдай бойынша жоспарланған 19 мың гектардың 13 мың гектары өңделді. Жұмысқа 4 ұшақ, 2 жеңіл ұшақ, 4 дрон және 12 жерүсті желдеткіш қондырғысы жұмылдырылған.

Ақтөбе облысында өңдеуге жоспарланған аумақ 512,960 мың гектарды құрайды, оның ішінде 52 мың гектарға жуық жер өңделді. Өңірде ұшақтар, желдеткіш қондырғылар мен аэрозоль генераторлары – жалпы 45 бірлік техника жұмылдырылған.

Кеңес барысында өңірлер өкілдерінің баяндамалары тыңдалып, өзекті мәселелер мен ұйымдастыру жұмыстары талқыланды.

Кеңесті қорытындылай келе, министр химиялық өңдеулердің сапалы және уақтылы жүргізілуінің, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтудің және барлық тиісті құрылымдардың жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

«Шегірткемен күрестің тиімділігі үйлестірілген әрі жедел әрекетке тікелей байланысты. Барлық тапсырмалар қатаң бақылауға алынуы тиіс», – деді Айдарбек Сапаров.